Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалы 2010 жылдың 13 қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Жаңа мектеп ғимараты 720 оқушыға арналған, сондай-ақ басқа аймақтардан келген «Өркен» білім гранты иегерлерінің осында тұрып оқуына мүмкіндік беретін 120 орындық жатақхана бар.

2014 жылы халықаралық аккредитациядан өткен мектеп мәртебесін алуға өтініш бергеннен кейін, мектеп қауымдастығы Халықаралық мектептер Кеңесінің (Council of International Schools, Нидерланды) этикалық кодексіне және аккредитациялау стандарттарына сай болу мақсатында өзін-өзі жетілдіру мен бағалау жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. 2017 жылы 8 маусымда халықаралық мектептерді қолдау және бағалау бойынша Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) сарапшылар тобының сараптауы нәтижесінде мектеп халықаралық аккредитациядан өтті. Алынған сертификат мектептің жоғары сапалы білім және тәрбие беру қызметін көрсете алуының дәлелі болып табылады.

Мектеп миссиясына сәйкес, білім ордасы мектеп қауымдастығының зияткерлік әлеуетін арттыру арқылы қазіргі қоғамның жаһандық мәселелеріне дайын болуға ұмтылады.

Алға қойылған мақсаттар педагогикалық ұжымның үйлесімді жұмысы арқылы жүзеге асырылады. 2020-2021 оқу жылындағы мектептің педагогикалық ұжымы оқыту құқығы бар, 6 біліктілік деңгейін иеленген 112 педагог қызметкерден тұрады. 2019-2020 оқу жылында сертификатталған мұғалімдердің 87%-ы берілген деңгейді растап шықты. Оның ішінде: зерттеуші-мұғалім - 1, сарапшы- мұғалім - 27, модератор-мұғалім - 46, мұғалім - 29, стажер мұғалім - 9. Олардың қатарында оқу бағдарламалары мен оқулықтарды әзірлеушілер де бар. Мұғалімдердің барлығы арнайы халықаралық және республикалық курстарда білім алу арқылы педагогикалық шеберлік деңгейін арттырады. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша 10 мұғалім оқуын аяқтаса, екеуі әлі жалғастыруда. Оқушылардың мектеп пәндерін меңгеруіне отандық мұғалімдермен қатар, 5 халықаралық мұғалім де өз үлестерін қосуда.

Педагогикалық ұжымның сапалық құрамы:

- сертификатталған жаттықтырушылар - 44 (оның ішінде 8-і Аралас оқыту бойынша)

- ғылым магистрлері -48 (41%)

- PhD докторы, ғылым докторлары мен кандидаттары – 3 (2,6%)

Тілдік құзыреттілік деңгейі:

- Қазтест сертификаты бар мұғалімдер: 101 (86,3%)

- IELTS сертификаттары немесе басқа IELTS-ке балама сертификаттары бар мұғалімдер саны - 95 (соның ішінде IELTS 42, APTIS 53) (82,0%)

Мектепте халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, белсенді өмірлік ұстанымы бар жоғары білімді тұлғаларды тәрбиелеу үшін ұлттық бірегейлікке, этникалық педагогиканың озық дәстүрлеріне және әлемдік білім беру жүйесінің инновациялық тәсілдеріне сәйкес келетін NIS-Programme жүзеге асырылады. Жүйелі сабақтар мен топтық жұмыстар биология, химия, нанотехнология және биотехнология оқу зертханаларында, кітапханада жасалатын жеке жұмыстармен алмастырылып отырады. Оқушылар акцияларға, әлеуметтік жобаларға, сыныптан тыс шараларға, элективті курстарға, үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін ашады. Әртүрлі спорт секциялары олардың дені сау және төзімді болуына оң ықпал етеді.

Мектепте жаратылыстану-математикалық цикл пәндеріне басты назар аударумен қатар, гуманитарлық пәндерге де жоғары талаптар қойылады. Оқушылар үш немесе одан да көп тілде сөйлейді. Нәтиже ретінде, жоғары сынып оқушыларының халықаралық IELTS ағылшын тілін меңгеру сынағындағы орташа балл - мүмкін болатын 9 баллдың 6,5-ін құрайтындығын айтуға болады.

2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп 21 NIS мектептері арасында 4-орынды иеленсе, биология пәнінен халықаралық олимпиадада (IBO-2021) 11-сынып оқушысы еліміздің күміс жүлдегері атанды. Биылғы оқу жылында 12-сынып оқушысы Жәнібек Шапатов Республикалық Президенттік олимпиадада 2-орынға ие болып, Қазақстанның жоғары оқу орындарына 5 грант жеңіп алды. «Адам. Жер. Ғарыш» Халықаралық байқауында 10-сынып оқушысы Дәулет Қапаров мектеп қоржынына алтын медаль әкелді. «Дарын» РҒЖБ-да және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада мектеп оқушылары жыл сайын жүлделі орындарға ие болып келеді. 12-сынып оқушысы Дильназ Сейілханова өнертабысқа патент алды.

818 түлектің 113-і «Алтын белгі» иегері, барлық түлектердің 97 %-ы отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының грант иегерлері, 226-сы Назарбаев Университетінде оқуын жалғастыруда.

Мектеп әкімшілігі оқу-тәрбие үдерісін басқаруды педагогикалық, әдістемелік кеңестер және ата-аналар комитеті, оқушылардың өзін-өзі басқару органымен бірлесіп жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта мектеп 5 халықаралық мектеппен: Германия Федеративтік Республикасының Вернер Гейзенберг атындағы Риза гимназиясы; Новосибирск қаласының «№1 гимназиясы»; Армения Республикасы, Ереван қаласындағы Ayb School; Анталиядағы Халықаралық орыс мектебі; Бакудегі OXFORD SCHOOL ұжымымен ынтымақтастықта қызмет атқарады. Серіктестік мектептерді таңдаған кезде мектепті басқаруға негіз болатын пайымдау мен құндылықтардың ұқсастығына назар аударылады.

Оқытуға кешенді көзқарас пен мектеп қауымдастығының барлық мүшелерінің әл-ауқатын қамтамасыз ету миссияның, пайымдаудың, құндылықтардың және жаһандық азаматтың дамуын жүзеге асыруға көмектеседі.

Мектеп мекен-жайы: Өскемен қаласы, Қаныш Сатпаев даңғылы, 53

Қабылдау бөлімінің телефоны8 (7232) 71-27-15

Электронды пошта: info@ukk.nis.edu.kz

 Веб-сайт: ukk.nis.edu.kz