Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 04 шілдесінде ашылды. Жамбыл өңірінде ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебі оқу үрдісіне инновацияны енгізу және педагог кадрлардың біліктілігін арттыру үшін негіз болады. Ол үшін мектепте барлық жағдайлар жасалған. Мектеп жеке жоба бойынша салынып, 720 адамға есептелген. Жатын бөлігінде облыс аудандарынан келген балалар тұратын 132 орындық жатақхана орналасқан.

Мектептің кадрлық ұжымында 110 жергілікті және 3 шетелдік педагог қызмет етеді (оның ішінде 1 мұғалім-стажер, 39 мұғалім, 54 мұғалім-модератор, 16 мұғалім-сарапшы, 37 сертификатталған тренер, 55 магистр, 1 PhD докторы, 1 ғылым кандидаты бар).

2018 жылдың қарашасында Тараздағы Зияткерлік мектеп Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, аталған беделді ұйымның мүшесі атанды. CIS қауымдастығына кіру мектептің әлемдік стандартқа сай дамудың кең перспективаларына жол ашады.

Сондай-ақ, өткен оқу жылынан бастап мектеп ЮНЕСКО ұлттық клубының құрамына кірді. Оқушылар аталған клубтың түрлі халықаралық маңызды шаралары мен байқауларына белсене қатысуда.

Мектептің оқушылары жыл сайын Мәскеу, Якутия, Санкт-Петербург, Балтық, Ереван, Калифорния, Анкарада өтетін беделді олимпиадалар мен жобалар байқауларында жетістіктерге жетіп жүр.

Сондай-ақ, мектепте оқушылардың интеллектуалдық және зерттеу дағдыларын дамытуға арналған элективті курстар да қарастырылған. Олар роботқұрастыру, аэроғарыштық модельдеу, химиядағы зерттеу әдістері, Жамбыл облысының биологиялық-экологиялық зерттеулері, Тараз қаласының аумағын геоэкологиялық зерттеу, Жамбыл облысының тарихи-мәдени өлкетануы сынды бағыттарды қамтиды. Қытай, корей, неміс тілдері сияқты екінші шет тілін үйрену қарастырылған. Спорт пен шығармашылыққа арналған 20-дан астам түрлі үйірмелер жұмыс атқарады.

Оқу блогында 68 оқу кабинеті бар, оның ішінде 21-і тіл кабинеттері, 34 кабинет физика және химия пәндері, математика, биология кабинеттері, география, тарих, экология және т.б. кабинеттер бар. Сонымен қатар мектепте жеке сабақ беру, техникалық моделдеу, өнер, психологиялық жүктеме, педагогикалық және ақпараттық технологиялар аудиториялары мен бірқатар әмбебап кабинеттер қарастырылған.

Мектеп білім алуға көмегі тиіп қана қоймай, сонымен қатар оқу процесіне басшылық жасауға мүмкіндік беретін жаңа компьютерлік жүйелермен, мультимедиялық кабинеттермен, жоғары өндірістік электронды-есептеу машиналарымен, интерактивті электронды тақталармен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, инновациялық бағдарламалық құралдармен жабдықталған. Оқушыларды дамыту үшін мектепте зияткерлік тетіктерді моделдеу, Лего, Arduino элементтерінен роботтар жинау, қарапайым бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы бағдарламалау және роботтардың "өмірін" бақылау мүмкіндігімен робот техникасының зертханасы жұмыс істейді.Нанотехнологиялар зертханасы оқушыларды космонавтика және медицина саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысына оқушыларды тартуға мүмкіндігі мол. Зертханалар PASCO және PHYWE сияқты брендтермен ынтымақтастықта Қазақстанның, Ресейдің, Ұлыбританияның, Германияның және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы жабдығымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мекен-жайы: Тараз қаласы, Арай 2, Домалақ Ана көшесі, 266

Телефон: +7 726 299 98 55

Веб-сайт: trz.nis.edu.kz