Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған.

Қазір «Өркен» білім беру грантының негізінде 682 оқушы білім алады. 7 бала ақылы негізде оқиды. Жиыны 689 оқушы.

Мектепте 33 сынып бар, 22 –сі мемлекеттік тілде, 11 –і орыс тілінде оқытады. Шәкірттеріміздің арасында қазақ, орыс, татар, неміс, дүнген, кәріс, ұйғыр ұлтының өкілдері бар. Гендерлік құрам бойынша 318 –ер, 371 – қыз бала.

Мектеп 2017 жылдың 24 мамырында білім саласында жоғары стандарттар мен соңғы жаңалықтарға қол жеткізгендер ұйымы саналатын халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан өтті.

Оқушылардың ғаламдық құзыреттіліктерін қалыптастыру және дамыту:

2015 жылы мектепте «Ғаламдық бастамалар» клубы құрылып, «БҰҰ Модельдік жобасы» Жаһандық перспективалар пәні оқу бағдарламасына енгізілді.

2017 жылдан бастап MUN (БҰҰ Моделі) конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

2018 жылы ғаламдық мәселелерге арналған «GIN NIS Semey» конференциясы Қазақстанда алғаш рет бізде өткізілді. Конференция жұмысына мектеп оқушыларынан бөлек «Есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат», «Ана үйі», «Қарттар үйі», «Жарқын болашақ» түзету орталығы, «Lingua town» тіл мектебі сынды әлеуметтік серіктестеріміз де қатысады.

2013 жылдан бері әлеуметтік жауапкершілікті дамытудың корпоративтік жобасы іске қосылып, әлеуметтік шарттың негізінде ұстаздарымыз 2 баланың тұрғын үй жинақ қорына қаржы аударды. 2019 жылы солардың бірі – Еркежан Ерсінқызына Семей қаласынан пәтердің кілті табысталды. Екінші бала үшін баспана сатып алуға қаражат жиналуда.

2019 жылы ұстаздарымыздың бастамасымен Семей, Ақтөбе, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау қалаларында Зияткерлік мектептер мұғалімдері, кураторлары, тәрбиешілерінің басын біріктірген «NIS Teachers Volunteers» клубы құрылды. Клуб отансүйгіштікті, азаматтықты және экологиялық жауапкершілікті дамыту қасиеттерін ұштау бағытында жұмыс жасайды.

Маңызды кезеңдер:

2014 жылы мектеп түлектері алғаш рет отандық білім тарихында сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша Кембридж университетінің халықаралық сертификатының иегері атанды.

2014 жылы мектеп РФ «Орал федералды округінің мұғалімдер үйі» тарапынан «Жылдың үздік олимпиадалық мектебі» дипломына ие болды.

2018 жылы мектеп сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ рейтингісінде 1 орынға ие болды (12 сынып оқушыларының қорытынды аттестациясы).

2017 жылдың ақпан айынан ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептерінің мүшелігіне үміткер болып, 2021 жылы толыққанды мүшелікке өттік.

2021 жылы физика пәнінің мұғалімі А.С.Жұмабеков Варке қорының «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына үміткер әлемнің үздік 50 мұғалімінің қатарына енді.

Оқыту: 

Мектеп «NIS-Programm» білім беру бағдарламасын қолданады. Бағдарлама моделі: негізгі мектеп (7-10 сынып), жоғары мектеп (11-12 сынып) сынды 2 сатыдан тұрады.

2 мыңнан астам шәкірт аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары әрі жүлдегері.

9 оқушымыз патент пен авторлық құқыққа ие.

Көптілді білім беру:

Мектебімізде халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасалған көптілді білім беру саясатының моделі тиімді жұмыс істейді.

Жоғары сыныптарда оқушыларымыз бейіндік пәндерді (физика, информатика, химия, биология) ағылшын, «Жаңа заманғы Қазақстан», «География» пәндері қазақ тілінде оқиды. Ал негізгі мектепте «Дүниежүзі тарихы», «Информатика» пәндері орыс, «География», «Қазақстан тарихы» пәндері қазақ тілдерінде оқытылады.

Сондай-ақ оқушылар өз қалаулары бойынша француз, қытай, неміс, корей тілдерін екінші шет тілі ретінде оқумен айналысады.

Мектеп түлектері: 

Мектепті 889 түлек бітіріп шықты. Солардың 59 –ы «Алтын белгі», 67-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 302 түлегіміз Назарбаев Университетінің грантына ие болды.

90 түлегіміз АҚШ, Қытай, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея, БАӘ, Финляндия, Венгрияның маңдайалды оқу орындарында білім алды. 497 түлек отандық жоғары оқу орындарының студенті атанды. Мектеп түлектері еліміздегі және шетелдегі жоғары оқу орындарын сәтті аяқтауда. Олардың көпшілігі өздерінің кәсіби қызметтеріне кірісіп те кетті.

Оқытушылар құрамы: 

Мектепте 117 педагог еңбек етеді. Олардың 37-і магистр, 4 PDP курстарын бітірген. 6 –ы internship (іс-тәжірибе) курсынан өтті. 2 оқытушымыз докторантурада (PhD философия докторы) білім алуда. Педагогикалық шеберлік деңгейі бойынша 8 оқытушы - стажер, 26 мұғалім, 52 мұғалім-модератор, 31 сарапшы мұғалім бар. 9 мұғаліміміз «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Кембридж университетімен бірлесіп ұйымдастырған конкурстық іріктеуден өткен жоғары білікті 4 халықаралық ұстаз өз жұмыстарын жалғастыруда. Бұл Ұлыбритания, Филиппин, Кения мемлекеттерінің өкілдері.

Халықаралық мұғалімдердің миссиясы – Назарбаев Зияткерлік мектебінде ағылшын тілінде халықаралық «IELTS», «SAT», «Сын тұрғысынан ойлау» курстары, бейіндік пәндерден (физика, химия, биология, информатика) сабақ беру және көптілді орта құру. Сондай-ақ «Экономика», «Жаһандық перспективалар және зерттеулер», «Сыни ойлау» пәндері бойынша мұғалімдермен іс-тәжірибе алмасу, оқушылардың интернационалистік және мәдениетаралық түсініктерін дамыту.

18 оқытушы Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Польша, Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай, Греция, Малайзия елдерінде болып өз біліктіліктерін халықаралық деңгейде, 19 ұстазымыз республикалық дәрежеде біліктіліктерін арттырды.

124 әріптесіміз халықаралық конференцияға қатысып, білім көжиегін кеңейтті. 5 мұғаліміміз өнертапқыш патенті және авторлық құқыққа ие.

Тәрбие саласы:

2012 жылдан бері мектепте өзара байланыстар жүйесіне құрылған «Тәрбие жұмысын дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әр параллельде балалардың қажеттіліктері мен жас ерекшеліктеріне негізделген даму бағдарламасы жүзеге асырылады.

7 сынып – «Шығармашылық сенбі» жобасы;

8 сынып – «Мәдениет» жобасы;

9 сынып –«Мамандықтар әлемі»;

10 сынып – «Дамы. Өзгер. Жақсар» жобасы;

11 сынып - «Менің таңдауым» жобасы;

12 сынып - «Stress resistance» жобасы.

«Шаңырақ» қауымдастықтары арқылы жүзеге асырылатын «Аялы алақан», «Жан жылуы», «Бақыт құшағында», «Жүректен жүрекке», «Бақытты балалаық шақ», «Добро», «Turn It Green», «Мы вместе», «Жарқын болашақ», «Мы звезды будущего», қарттар мен мүгедер үйіне қамқорлық сынды әлеуметтік жобалар мен 4 қайырымдылық жәрмеңкелері оқу жылы бойы тұрақты түрде өз жұмыстарын жалғастырып келеді.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ортақ желілік жобалар: «Туған елге тағзым», «Discover Kazakhstan», «Bookcrossing», «TEDx NIS», «Wikipedia», «100 ән», «100 күй», «100 кітап», «Ата-ана жұмысындағы бір күн», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «2 апта ауылда».

Мектеп оқушыларының 95 пайызы жалпы саны 49 үйірмеге тартылған. Олардың арасында интеллектуальдық, өнер – эстетикалық, шығармашылық, спорт, қызығушылықтары бойынша үйірмелер мен еріктілер клубы бар. 15-ке жуық клубты қызығушылықтарына орай оқушылардың өздері үйлестіреді, бұл жоғары сынып оқушыларының жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді.

Ата-анамен байланыс:

2016 жылы Қамқоршылар кеңесі құрылды. Құрамына қалалық әкімдік, «Amanat» партиясы филиалының қызметкерлері, депутаттар, ЖОО басшылары, мәдениет, спорт, білім салаларының танымал тұлғалары енді. Кеңес құрылғаннан бері мектепті дамыту мәселелері бойынша мәжілістерде бас қосып отырады.

Тәжірибе тарату:
2012 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату жұмыстары қолға алынды. Алғашқы жылдары Көкпекті ауданы, Үлгілі малшы ауылындағы Абай атындағы орта мектеп пен қаламыздағы №25 мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатылды.

2017 жылдан бері облыс мектептері мұғалімдерінің жаңартылған білім беру мазмұнын меңгеруіне күш салуда.

Бүгінгі таңда Семейде жетекші 14 мектеп бар. Қаламыздың қалған мектептері осы 14 білім мекемелеріне бекітіліп берілген.

NIS ұстаздары өз білгендерін педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттерге үйретуде. Осы мақсатта қаламыздағы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж сынды оқу орындарымен екіжақты келісім жасалды. Дәл қазіргі уақытта физика, химия, география пәндері бойынша білім алушы студенттер іс-тәжірибелерін жалғастырып жатыр.

Өңіріміздің 10 –аса мектебі біздегі тәрбие бағыты бойынша жұмыс жасап, өз оқушыларының бойына адами-рухани тәрбиені сіңіріп жатыр. Үржар, Көкпекті, Күршім, Абай, Тарбағатай, Жарма сынды бірнеше аудан мектептері үшін ауқымды 3 семинар ұйымдастырылды.

Жергілікті және халықаралық әріптестік:

 2016-2017 оқу жылында білім ошағымыз серіктес мектептермен байланыс орнату арқылы халықаралық деңгейге көтерілді. 2017 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы JBSN Халықаралық бакалавриат (IB) мектебімен, 2019 жылы Гавайидың Гонолулу қаласындағы Пунаху мектебімен серіктестік қарым-қатынас орнатылды. Бұдан бөлек, ZfA халықаралық неміс ұйымы, Гете неміс институты, РФ «Мәскеу экономикалық мектебі» гимназиясы, Семей қаласының Шәкәрім университеті, Семей медициналық университеті, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж сынды бірқатар білім мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған екіжақты меморандум бар.

Семей қаласы, Қарағайлы мөлтек ауданы 1, тел 8 7222 636350

Директордың қаржы-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары - 8 (7222) 63-65-23

Электрондық поштамыз: info@sm.nis.edu.kz

Веб-сайт: sm.nis.edu.kz