Зияткерлік мектептердің сертификатын мойындайтын шетелдік университеттер қатары артты

Тағы екі жетекші университет NIS-тің 12-сынып түлегіне берілетін сертификатты (NIS Grade 12 Certificate) және «NIS-Programme» бағдарламасын мойындайтын жоғары оқу орындарының тізіміне енді.

Webster University NIS біліктілігін ресми түрде мойындаған АҚШ-тағы алғашқы университет болды. Енді NIS-Programme бағдарламасын сәтті аяқтаған және NIS Grade 12 Certificate алған түлектер Америка Құрама Штаттарына бакалавриатқа арнайы оқудан өтпей-ақ түсе алады. Айта кетейік, сыртқы бағалау емтихандарын сәтті тапсырып әрі «C» және одан жоғары бағаға ие болған түлектер әр емтихан үшін 4 кредит алады, бұл бакалавриат бағдарламасын аяқтауға қажетті 120 кредиттің 24 кредитін құрайды.

Сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинның Гонконгқа сапарының қорытындысы бойынша Hong Kong University NIS біліктілігін тану және Зияткерлік мектептердің ең табысты бес оқушысына арнайы гранттар беру туралы құжатқа қол қойылды.

Сонымен бірге NIS-тің білім беру көрсеткіштерін мойындайтын қазақстандық жоғары оқу орындарының тізімі Астана медицина университетімен толықты. Жоғары оқу орны Зияткерлік мектеп түлектері үшін кредиттерді қайта есептеу жүргізілетін пәндер санын кеңейтті. Енді 2024 жылдан бастап кредиттерді қайта есептеу қазақ, ағылшын, орыс тілдері мен информатика пәндері бойынша жүзеге асырылатын болады.