«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтымыздың ұлы ұстазы»

Педагогикалық шеберлік орталығының «Шабыт» жобасы аясындағы 2022 жылғы алғашқы кездесу Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтымыздың ұлы ұстазы» атты кездесу өтті. «Шабыт» жобасы аясында жүзеге асқан шараға «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалының қоюшы-режиссер, сценарисі Мұрат Есжан мен ақын, жазушы, сценарист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалым арнайы шақырылды.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының эфирінде көрсетілген көркем туынды сценарийінің авторлары Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектері туралы, сондай-ақ фильмге дайындық барысындағы шығармашылық ізденістері туралы сыр шертті. Мұрат Есжан бір сөзінде Орынбордағы мұғалімдер мектебі тәлімгерлерінің болашақ ұлт ұстазына берген мінездемесін атап өтті: «...Қабілеті орташа болғанымен, бойындағы таңғажайып ынта-жігерлігімен ерекшеленді. Қарапайым мұғалім болуға әбден лайық».

Алайда Ахмет Байтұрсынұлы уақыт өте келе жай ғана бастауыш училище мұғалімі болып қана қоймай, барша қазақ халқының ұстазы ретінде қалыптасты. Қазақ тілін жүйелендірумен қоса, ғылыми тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қылышынан қан тамған заманда тәуелсіз «Қазақ газетін» құрып, қоғамның сауатын ашуға ұйытқы болды. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық бағыттағы еңбектері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді, сондай-ақ ұстаз қауымының мақсат-міндеттері мен мәртебесін айшықтап берді.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова кино туынды арқылы мыңдаған мұғалімге мотивация берген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалының ұжымына алғыс білдірді:

– Тарихымызда біртуар тұлғалар көп болған. Осындай кинолар арқылы еліміз үшін еңбек еткен азаматтарды дүниежүзі танитын болады. Мұндай туындылардың балаларға тәлім-тәрбие берудегі маңызы зор.