Роза Бағланованың мерейтойы – ЮНЕСКО мен NIS назарында

Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Даналық бейсенбі» жобасы аясында КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Бал таңдайлы ән әлемі падишасы» атты кездесу өтті. Қазақтың аяулы қызының айтулы мерейтойы ЮНЕСКО ұйымының халықаралық елеулі даталар тізіміне енген.

Мәртебелі меймандарды Ертай Барлықовтың жетекшілігіндегі мектептің «Нұр сазы» халық аспаптары оркестрі танымал күйлермен қарсы алды.

Ширек ғасырға жуық даңқты әншімен қызметтес болған продюсер Қуаныш Абдухалимовтің Роза Бағланова жайындағы әңгімелері, күміс көмей әншінің өмірі мен өнерге деген шексіз адалдығы туралы үзік сырлар оқушылар мен мұғалімдердің үлкен қызығушылығын тудырды:

– Роза Тәжібайқызы үшін ән ең қастерлі өнер болды. Ол сахна талғамайтын, мейлі ол зәулім сарай болсын не шалғайдағы ауыл сахнасы болсын. Алматыдағы барлық мектептерде концерт қойып, оқушылармен жүздесетін. Гастрольдік сапарларға шыққанда ылғи білім ордаларын аралап, жас жеткіншектердің жағдайын білетін.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағамбетова мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Бибігүл Қилымхан Зияткерлік мектептердегі «100 қазақ әні» жобасына енген Роза Бағланованың репертуарындағы әндерді орындады.

Роза Тәжібайқызының келіні Марал Бағланова әншінің адами қасиеттері, өмірінің түрлі кезеңдері, әсіресе соғыс жылдарындағы қиыншылықтар туралы естеліктерімен бөлісті.

8-сынып оқушысы Амина Хамза қазақ бұлбұлының 100 жылдық мерейтойына орай оның шығармашылығы мен өнердегі қызметіне арнап авторлық өлең жолдарын ұсынды. Марал Бағланова NIS оқушыларының өлеңдерін Роза Бағланованың жеке мұражайындағы әдеби жәдігерлер тізіміне енгізілетінін атап өтті.