NIS топ-менеджерлері мектеп түлектерімен кездесті

Бүгін елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының өкілдері NIS түлектерімен кездесті. Шараға Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов, Білім беру бағдарламары орталығы директоры Жанар Әбділдина мен Педагогикалық өлшеулер орталығы директоры Лейла Тұрсынова қатысты.

Кездесуде Зияткерлік мектептердің түлектеріне NIS экожүйесінің даму стратегиясы таныстырылды. Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин 2035 жылға дейінгі даму жоспары негізгі 3 бағытта өрбитінін атап өтті. Бұл – еліміздегі оқу-ағарту саласының деңгейін көтеру, мектептер жүйесін одан әрі дамыту және NIS брендін әлемге таныту.

– Стратегиялық жоспарларды іске асыруда серіктестердің де қолдауы маңызды. Бүгінде 29 серіктесіміз бар, ал Зияткерлік мектептерді мойындайтын университеттер 60-қа жетті. Олардың қатарында Кембридж, Уорвик университеттері, сонымен қатар Канада, Европа, Корея, Сингапур, Жапония елдерінің үздік жоғары оқу орындары бар. Бұл оқыту бағдарламаларымызға, бағалау жүйесі мен меритократия қағидаттарына негізделген экожүйемізге беріліп отырған баға, – деді Әнуар Жанғозин.

Сондай-ақ ұйым басшысы мектептерде енгізіліп жатқан жаңа жобалармен, соңғы өзгерістермен бөлісті.

Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов сыныптан тыс іс-шараларға қатысудың артықшылықтары мен кәсіптік бағдар беру жұмысының маңызына тоқталды. Түлектер де бұл бағыттарды одан әрі жақсартуға, тиімділігін арттыруға қатысты өз пікірлерін білдірді.

– Зияткерлік мектептердің кез келген жобасының түпкі мақсаты ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртуға, денсаулықты нығайтуға, қоршаған ортаға қамқор болуға, қоғамға қызмет етуге, балалардың қабілеттерін ашу мен оларды жан-жақты етуге бағытталған. NIS-те оқу болашаққа үлкен сеніммен қарауға, өзіңе деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Мектепте оқып-түйгеніміз үлкен өмірде пайдасын беріп жатыр, – дейді Астанадағы Зияткерлік мектептің түлегі Данияр-Керей Кенжетай.

Бірегей NIS-Programme оқыту бағдарламасының ерекшеліктері мен артықшылықтарын Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина айтып берді, сондай-ақ алдағы уақытта бағдарламаны жетілдіру жұмыстарына түлектердің де атсалысуын қолдайтынын атап өтті.

Ал Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 2019 жылғы түлегі Дәмелі Захарованың айтуынша, Зияткерлік мектептердің төл бағдарламасы оның шетелдік университетті сәтті аяқтауына септігін тигізді:

– Мен Италияның Луис университетінде оқыдым, бұл – Европадағы үздік жоғары оқу орындарының бірі. Менімен қатар осы университетке түскен шетелдік студенттердің ішінде зерттеу жұмысын жазуды мен ғана біліп барыппын. Мен бұл дағдыны, әрине, Зияткерлік мектепте меңгердім. Мұғалімдеріміз ғылым мен ілімнің маңызын бойымызға сіңірді.

Кезекті сессияды NIS түлектері Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Лейла Тұрсыновамен бағалау жүйесінің тиімді тұстары мен жоғары оқу орнына құжат тапсырған кезде NIS сертификатын пайдалануды талқылады.

NIS амбассадорлары оқушылардың академиялық жетістіктерін бағалаудың маңызымен және Кембридж Кеңесінің Халықаралық емтиханын тапсырудың ерекшеліктерімен тереңірек танысты, себебі бұл бағыт – Зияткерлік мектептер жүйесіндегі басты артықшылықтардың бірі.

Айта кетейік, түлектермен кездесу NIS Alumni бірлестігінің ұйымдастыруымен Назарбаев Университетінің базасында өтті.

Еске салсақ, 2018 жылдан бері Alumni NIS бірлестігі түлектер арасындағы байланысты күшейтіп, өзара кәсіби өсуге ықпал етіп келеді. «SAMGAU», «NIS Challenge», «Fundraising Ball», «Ayaldama», «Beles», «Talim» секілді білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін мәдени шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ Alumni NIS шәкіртақы тағайындау және тағылымдамадан өтуге көмек көрсету арқылы Зияткерлік мектептердің оқушыларына қолдау білдіреді. Бүгінге дейін Зияткерлік мектепті 18 694 оқушы бітірді. Олар әлемнің 30-дан аса елінде білім алуда.