СТРАТЕГИЯ – 2035: Оқушылардың толыққанды дамуы

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жаңа стратегиясы оқушылардың толыққанды дамуына басымдық береді.

Стратегиялық құжатта оқушылардың қазіргі қоғамда табысты бейімделуі мен жұмыс істеуі үшін қажетті білім, дағдылар және құндылықтарды қамтитын негізгі құзіреттіліктерді дамыту көзделген.

Осы мақсатта NIS-Programme білім беру бағдарламасын, оқушылардың оқу жетістіктері мен әл-ауқатын бағалау жүйесін жетілдіру қолға алынды.

NIS-Programme 2.0 жаңартылған білім беру бағдарламасында зерттеу дағдыларын, жүйелік және инженерлік ойлауды дамытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ оқушыларды құрмет, ашықтық, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбек адалдық, отбасы құндылықтары мен дәстүрлері, денсаулық және әл-ауқат, жаһандық азаматтық секілді құндылықтар негізінде оқыту жалғасады. Ал бағалау жүйесі жоғары тәртіп дағдылары мен әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамытуға бағытталған. Бүгінде бағалаудың тұжырымдамалық шеңбері мен бағалау құралдары әзірленіп, апробациядан өтті. Алда цифрлық платформа жасақтау жоспарда тұр.

Сонымен бірге отандық және шетелдік университеттерге түсу саясаты мен талаптарының өзгеруін ескеріп, оқушыларды кәсіби бағдарлау жұмыстары жүзеге асады.

Зияткерлік мектептер түлектерінің қауымдастығы да стратегиялық жоспарларды орындауда маңызды рөл атқарады. «Alumni NIS» түлектердің жеке және кәсіби дамуына ықпал ете отырып, білім, тәжірибе және ресурстармен алмасуға мүмкіндік беретін орта құруды, әртүрлі салаларда әлеуметтік және мәдени бастамаларды қолдау кәсіби байланыс желілерін құруды, жалпы білім беру мен қоғамды дамытуда өз рөлінің маңыздылығын мойындатуды мақсат етеді.