СТРАТЕГИЯ – 2035: NIS мұғалімдерінің кәсіби қауымдастығы

Дарынды мұғалімдерді мұқият іріктеу, олардың жүйелі түрде кәсіби дамуы мен өсуін қамтамасыз ету нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білікті педагогтердің кәсіби қауымдастығы қалыптасқан.

2035 жылға дейінгі стратегияда қауымдастық жұмысын одан әрі жақсарту үшін педагогтерді іріктеу процесінің сапасын арттыру жоспарланған. Бұл бағытта мұғалімдер әлеуметтік-эмоциялық тұрғыдан сыналады, сондай-ақ мектеп басшыларының рекрутинг дағдыларын дамыту, дарынды жастар мен жоғары білікті мамандарды тарту және кадрлық резервті қалыптастыру жүйесін жетілдіру қолға алынды.

Ал педагог қызметін бағалаудың оңтайландырылған жүйесі мен әдістемелік және тілдік қолдаудың арқасында мұғалімдердің көлденең, тік және диагональды мансаптық өсуін жүзеге асыру жалғасады. Сонымен қатар кәсіптік әл-ауқат саласындағы зерттеулердің нәтижелері бойынша педагогтерді ынталандыру механизмі әзірленіп жатыр. Бұл Зияткерлік мектептердің зерттеу алаңына айналуына және сертификатталған тренерлер ортасын құруына жол ашады.

Стратегиялық құжатта педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру шараларының білім беру процесімен қатар жүруіне басты басымдық берілген. Соның ішінде кәсіби оқыту қауымдастықтарына (Professional Learning Communities, PLC) ерекше ден қойылған, себебі PLC педагогикалық практикалар мен идеялар алмасу алаңдарын құруда шешуші рөл атқарады, оқу мен оқытудағы қиындықтарды талқылау, сондай-ақ жаңа оқыту тәсілдерін іздену арқылы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді.