СТРАТЕГИЯ – 2035: INTERNATIONAL CURRICULUM

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі стратегиясының үшінші бағыты – NIS-тің әлемдік деңгейдегі білім беретін ұйым ретіндегі беделін нығайту.

Бұл мақсатты орындаудағы бірінші қадам әлемдік стандарттарға сәйкес келетін халықаралық білім беру бағдарламасын әзірлеу болып табылады.

Халықаралық білім беру бағдарламасын құру бірнеше кезеңді қамтиды: мақсаттар мен құндылықтарды айқындай отырып, негіздемелік құжат әзірлеу, оқу жоспарлары мен стандарттарын, бағалау жүйесін әзірлеу, элективті курстар мен сабақтан тыс бағдарламаларды жобалау, мұғалімдерді оқыту және сертификаттау, халықаралық байланыстар орнату, оқушылар мен ата-аналарды тарту, апробациялау және бейімдеу, сапаны бақылау және қадағалау.

Бағдарлама елдік және әлемдік контекстті, сондай-ақ оқушылардың негізгі құзыреттерді дамыту жөніндегі күтетін нәтижелерін ескереді, жаһандық интеграцияға, мәдени толығуға және сыни ойлауды дамытуға ықпал ететін білім берудің халықаралық стандарттарына негізделген өзекті оқу бағдарламаларын ұсынады.

Жобаның маңызды элементі мақсатты елдердегі университеттермен, білім беру ұйымдарымен және реттеуші органдармен серіктестік қатынастарды ұйымдастыру болмақ.