СТРАТЕГИЯ – 2035: Білім беру жүйесіне өзгерістер әкелетін көшбасшыларды дайындау

Еліміздің білім беру саласында зияткерлік капиталды дамыту «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 2035 жылғы дейінгі стратегиясының екінші бағыты болып табылады.

Осы ретте NIS отандық білім беру жүйесіне өзгерістер әкелетін көшбасшыларды дайындайтын арнайы бағдарламалар әзірлеу міндетін қойып, заманауи басшылар мен педагогтердің кәсіби білімінен бөлек көшбасшылық қасиеттерді меңгеруін қолдайды.

Сондай-ақ жаңа буын мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық университет құру жоспарлануда. Бұл бастама қолда бар ғылыми-әдістемелік әлеует, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің дәстүрлі академиялық бағдарламалар мен «бүйірлік кіру» жүйесі арқылы іске асады.

«Бүйірлік кіру» жүйесінің негізгі ерекшелігі – «3+2» апталық оқыту форматы. Бағдарлама сертификатталған тренерлермен 3 күндік аудиториялық сабақтар мен мектепте тәжірибелі мұғалім-тәлімгерлердің қол астында дағдыларын пысықтайтын 2 күндік практикадан тұрады.

Ал мектепке педагогикалық қызметке қабылдау үшін педагогтерді сертификаттаудың халықаралық тәжірибесі білім беру саласындағы мамандарды даярлау сапасының индексі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Педагогтердің кәсіби білімін, дағдылары мен құзыреттіліктерін бағалау мақсатында ДББҰ бұл құралды кәсіби стандарттарға сәйкес Қазақстанда одан әрі іске асыру мақсатында зерттейтін болады.