СТРАТЕГИЯ – 2035: Қазақстан мектептерінің кәсіби қоғамдастығын дамыту

Бүгінгі таңда мемлекет білім беру үдерісінің барлық қатысушысы үшін тең мүмкіндіктер мен қолжетімді орта қалыптастыруға басымдық береді.

NIS-тің 2035 жылға дейінгі стратегиясының маңызды бағыты – Қазақстан мектептерінің қоғамдастығын құру.

Бастаманың негізгі міндеті барлық қазақстандық оқушыға сапалы білім алуға, ал мұғалімдерге өздерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға тең мүмкіндіктер беру болып табылады. Қоғамдастық мүшелерінің белсенділігін арттыру үшін ДББҰ мектептерге білім беру ресурстарын, өнімдері мен қызметтерін ұсынады.

Қоғамдастық оқушыларды тұтас дамытуға бағыт алады. ДББҰ оқушыларды толыққанды дамыту тәсілдерін енгізу мен іске асыру бойынша қолдауды жалпы білім беретін мектептердің басшылары мен педагогтерін оқыту бағдарламалары (тағылымдамалар, біліктілікті арттыру курстары, менторлық бағдарламалар) және әдістемелік сүйемелдеу арқылы жүзеге асырады.

2020-2021 жылдары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп іске асырған «Атырау облысының білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу» жобасы мектепаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетті. Жоба аясында облыс мектептерінің жағдайы тексеріліп, талданды, оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізілді, педагогтер мен мектеп әкімшілігіне әдістемелік қолдау көрсетілді, педагогтер біліктілігін арттырды, қосымша білім беру бағдарламалары мен оқушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативті құқықтық актілер әзірленді және т.б. Сондай-ақ PISA-2022 халықаралық зерттеуінде Атырау облысы оқушыларының көрсеткен нәтижелері жоба ауқымын кеңейтудің кепіліне айналды.