NIS-тің кезекті жеңісі республикалық ғылыми жобалар байқауында жалғасын тапты

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 65 оқушысы республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Жас ғалымдар 16 бағыт бойынша төрт секцияда бірегей жобаларды ұсынды. NIS-тің 13 өкілі елімізде үздік деп танылды, Зияткерлік мектептердің 19 оқушысы күміс жүлделер иеленсе, 33 жас ғалымға үшінші дәрежелі дипломдар табысталды.

Халықаралық Бакалавриат мектебінің қоржынын техникалық секцияда Екатерина Ким мен Арман Рысмаханов, эконимикалық секцияда Аяжан Темірболат толтырды.

Үш бірдей бірінші орынды Тараздағы NIS командасы жеңіп алды. Ақәділ Айту мен Зарифжон Рахимов «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» секциясы бойынша ерекше көзге түссе, Арсен Жұмағали биологиядан үздіктер қатарынан көрінді.

Экологиялық секцияның бірінші дәрежелі дипломдарымен көкшетаулық Хадиша Сәлімова мен Эльдар Ерназаров марапатталды.

Өскемендегі Зияткерлік мектептің оқушысы Әмина Құмар химия пәнінен, Қызылорда қаласындағы NIS оқушысы Арайлым Әшірмет филологиядан (орыс тілі) үздік атанды. Ал әдебиет секция бойынша ақтаулық Нұрлыбек Оңдаған мен тарих пәнінен Семейдегі Зияткерлік мектеп оқушысы Аяулым Хамитханова ең көп ұпай жинады. Джафар Қабиденов Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-тің Жәутіков олимпиадасында басталған жеңісті сериясын ғылыми жобалар байқауының этномәдениет секциясында жалғастырды.