Математикадан халықаралық олимпиаданың абсолютті чемпионы белгілі болды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары математикадан – Азия-Тынық мұхиты және «Жібек жолы» сынды беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. NIS қоржынында 11 медаль бар.

Ақтаудағы NIS-тен Дамир Нұрланов Азия-Тынық мұхиты математикалық халықаралық олимпиадасының абсолютті чемпионы атанды, ал Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінен Арсен Нәрік, Эльдар Үсенов және Әли Еркебұланұлы күміс медальға ие болды.

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Арсен Нәрік пен Талдықорғандағы NIS-тен Әміре Әбділдин медаль коллекцияларын «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының күміс жүлделерімен толықтырды, Қарағандыдан Әділ Әміржанов, Павлодардан Арман Баймағамбет, Ақтаудан Дамир Нұрланов, Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Эльдар Үсенов пен Әли Еркебұланұлы қола еншіледі.

Айта кетейік, «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасына Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Иран, Әзірбайжан және Қазақстанның оқушылары бақ сынады. Ал математикалық Азия-Тынық мұхиты конкурсында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық және қорытынды кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада резервінің мүшелері қатысты.