Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының конференциясы басталды

Бүгін Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ТМД елдерінің Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының XVII конференциясы басталды. Жиынға өзгермелі әлемдегі мұғалім рөлін талдауға білім беру саласындағы отандық педагогтермен қатар Финляндия, Нидерланд, Ресей, Армения, Өзбекстан және Эстония елдерінің сарапшылары жиналды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин шараның ашылу салтанатында конференция қатысушыларын құттықтап, Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығы миссиясының маңызын атап өтті:

– 16 жыл бұрын Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылған кезде негізгі стратегиялық бағыттарымыздың бірі Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасын енгізу болды. Бүгінде NIS жүйесіндегі екі мектеп IB бағдарламасымен оқытады. Біз мәдениетаралық түсіністік пен құрмет көрсету арқылы әлемнің гүлденуі мен қауіпсіз болуына үлес қосатын ізденімпаз, білімді және жауапкершілігі мол жастарды тәрбиелейміз. Игі жолда игерген тәжірибеміз және жаңа бастамаларымызбен бөлісуде Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының орны ерекше.

Ал білім ордасының директоры Құралай Ахмадиева делегаттарға NIS экожүйесінің құрылу тарихы мен елордадағы Зияткерлік мектептің басты жетістіктерін, оның ішінде Халықаралық бакалавриат (IB), дипломдық (DP) және негізгі мектеп бағдарламаларына (MYP) авторизация алуы мен Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуінен сәтті өткенін атап, мектеп миссиясы мен құндылықтарын таныстырды.

Пленарлық отырыста философия докторы, білім беру орындарына арнайы жиһаз жасайтын Финляндиядағы ISKU жиһаз концернінің вице-президенті Элизе Тарвайнен өз баяндамасында технологиялар дәуіріндегі білім беру саласының өзгеруін талдап, мұғалімдердің оқушылар бойында жұмсақ дағдыларды (soft skills) қалыптастырудағы рөлін айқындады.

– Үздік және біртуар ұстаз жаңа технологиялардан қорықпайды, керісінше оны меңгеріп, білім беру үрдісін жетілдіруде пайдаланады, сондай-ақ жаңа технологиялардың көмегімен оқушыларда сыни ойлау, коммуникация құру, жобаларды басқару және басқа да машықтардың қалыптасуын қамтамасыз етуді қолға алады, – дейді Элизе Тарвайнен.

Халықаралық конференция үш күнге созылады. Педагогтер сессиялық отырыстарда жасанды интеллекті оқыту процесіне кіріктіру, мұғалімнің көшбасшылық қасиеттерін дамыту және өзге де тақырыптарда пікір мен тәжірибе бөліседі, мастер-класстарға қатысады. Сондай-ақ Халықаралық бакалавриат мектептері директорлары мен ұстаздарының дөңгелек үстелі жоспарланған.

Айта кетейік, Халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығы (ХБМҚ) 2006 жылы құрылды. Бүгінде ТМД елдері арасында 37 мектеп оқушыларға IB бағдарламасы бойынша білім береді.