2026 жылғы Тамыз конференциясы
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның 2026 жылғы Тамыз конференциясы
2026 жылдың 19-20 тамыз күндері конференция қатысушылары «Қостанай қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалында бас қосады. 21-25 тамыз аралығында конференция өз жұмысын онлайн форматта жалғастырып, желінің барлық филиалдарындағы педагогтерді, басшылар мен мамандарды бір алаңда тоғыстырады.
Биылғы конференцияның тақырыбы – «Ізденімпаз мұғалім – сапалы өзгерістің қозғаушы күші». Конференцияның басты назары – педагогтің өзгерістің басты субъектісі ретіндегі кәсіби дамуы, тәжірибесін рефлексиялау арқылы жетілуі және кәсіби қоғамдастықтағы белсенді рөлі.
Конференция бағдарламасы бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды: кәсіби оқу қоғамдастықтарын (PLC) дамыту, заманауи педагогтің кәсіби бейнесін қалыптастыру және зерделеу, сондай-ақ үздіксіз кәсіби дамуды қолдау. Қатысушылар пленарлық отырыстар, шеберлік сабақтары, пікірталас алаңдары және NIS Talks форматындағы сессияларға қатысатын болады. Олардың аясында педагогтер өздерінің кәсіби тәжірибесімен, кездескен қиындықтарымен және жетістіктерінің «көрінбейтін қырларымен» бөліседі.
Конференция барысында үздік тәжірибелермен алмасуға, ортақ шешімдерді бірлесіп іздеуге және білім беру жүйесінің алдағы даму бағыттарына қатысты ортақ көзқарас қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Бұл кездесу ашық диалог жүргізуге, педагогикалық тәжірибені жаңаша пайымдауға және кәсіби қоғамдастықтың бірлігін нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.
Бұл кездесулер жаңа идеялардың, кәсіби шабыттың және NIS білім беру экожүйесін одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен шешімдердің қайнар көзіне айналады деп сенеміз.
Конференция нәтижесінде 2026-2027 оқу жылында желі жұмысының негізіне айналатын ортақ ұстанымдар мен даму бағдарлары айқындалады.
Құрметпен,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ