Жаңалықтар
XV NIS халықаралық конференциясы білім беруді дамытудың жаңа бағдарларын айқындады
Астана екі күн бойы халықаралық білім қауымдастығының назарын өзіне аударды. 1700-ге жуық қатысушы, шетелдік және отандық сарапшылар мен педагогтер, оқу-ағарту саласының болашағына арналған ондаған кәсіби талқылау. «Мектеп және адами әлеует: сапалы білім және тең мүмкіндіктер» тақырыбында өткен XV NIS халықаралық конференциясы қорытындыланды.
Ауқымды басқосуда педагогтердің кәсіби дамуы, жасанды интеллектінің білім беруге ықпалы, инклюзивті оқыту, мектеп көшбасшылығы мен оқушылардың әл-ауқаты кеңінен талқыланды. Баяндамалар, панельдік пікірталастар мен практикалық воркшоптар барысында қатысушылар ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, оларды мектеп тәжірибесіне енгізудің тиімді жолдарын қарастырды.
Конференцияның негізгі спикерлері қатарында Бостон колледжінің профессоры Энди Харгривз, білім экономикасының сарапшысы Гарри Патринос, финляндиялық нейроғалым Катри Саарикиви, Global Teacher Prize 2026 лауреаты Рубл Наги және өзге де халықаралық сарапшылар болды.
Конференцияның жабылуына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға тоқталып, адами капиталды дамытудағы білім беру жүйесінің маңызды рөлін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасап, оның қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – еліміздің болашағына салынған маңызды инвестиция», – деді министр.
Сондай-ақ жиын барысында Жұлдыз Сүлейменова ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады. Олардың қатарында NIS өкілдері де бар.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин конференцияны қорытындылай келе, білім сапасының негізі күнделікті сабақта қаланатынын атап өтті.
«Білім сапасы ең алдымен сабақта, мұғалім мен оқушының өзара қарым-қатынасында қалыптасады. Ал сол сабақтың сапалы өтуіне бүкіл білім беру жүйесі жағдай жасауы тиіс», – деп өз сөзін түйіндеді Әнуар Қанатұлы.
Конференция қорытындысында білім беруді дамытудың ортақ басымдықтары мен алдағы бағыттары айқындалды. Қатысушылардың ұсыныстары негізінде білім беру саласының болашақ бағдарын белгілейтін жеті негізгі бағыт тұжырымдалды. Олардың қатарында әр баланың сапалы білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби дамуы мен дербестігін қолдау, инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселелеріне басымдық берілді. Ендігі міндет – осы бастамаларды іс жүзінде жүзеге асырып, олардың нәтижесін әр мектеп пен әр сыныптың жұмысында көрсету.
Айта кетейік, биыл NIS халықаралық конференциясы 15 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Осы уақыт ішінде ол халықаралық білім беру тәжірибесі мен отандық педагогикалық зерттеулерді ұштастыратын табысты кәсіби алаң ретінде қалыптасты. Он бес жылдық белес жинақталған тәжірибені саралаумен қатар, білім берудің алдағы даму бағыттарын айқындауға негіз болмақ.
Мерейтойлық XV халықаралық NIS конференциясының бас демеушісі – Freedom Holding Corp. Сондай-ақ шараның ұйымдастырылуына Halyk Bank те қолдау көрсетіп отыр.