banner

Жаңалықтар

Мектепті қалай жақсартуға болады – NIS XV конференциясындағы халықаралық тәжірибе мен тиімді практикалар

news
29 қазан 2026 |
77

Мектеп пен отбасы арасындағы сенімді қалай нығайтуға болады? Мұғалімдердің кәсіби өсуін қалай қолдауға және оқушыларды өзгермелі әлемде өмірге қалай дайындауға болады? Осы және басқа да өзекті мәселелер NIS XV халықаралық конференциясының тақырыптық секциялары мен пікірталастарында кеңінен талқыланды. Жиын халықаралық тәжірибе мен қазақстандық педагогтердің практикалық шешімдерін тоғыстырды.

Өнерді оқыту мен отбасылармен өзара байланыс орнатудың құралы ретінде пайдалану – конференцияда ұсынылған тәсілдердің бірі. Global Teacher Prize 2026 сыйлығының лауреаты Рубл Наги әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларымен жұмыс істеу тәжірибесін бөлісіп, көркемдік жобалардың мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы кедергілерді еңсеруге қалай көмектесетінін айтып берді.

Осындай жобалардың бірі – Living Walls of Learning. Жоба аясында үйлердің қабырғалары білім беру кеңістігіне айналады. Математика, тарих, география және жаратылыстану ғылымдарына қатысты суреттер білім алуды қолжетімді ете түседі. Сарапшының пікірінше, өнер оқушылардың отбасыларымен сенімді қарым-қатынас орнатудың тиімді құралы бола алады.

Мектеп пен ата-ана арасындағы өзара байланысты нығайту тақырыбын Халықаралық мектептер кеңесінің (Council of International Schools, CIS) мектептерді бағалау және дамыту жөніндегі директоры Оливия Рот жалғастырды. Ол өз баяндамасын әлеуметтік жауапты көшбасшылық, ұйымдық оқыту және CIS халықаралық аккредиттеу жүйесінің жаңартылған нұсқасына арнады.

Сарапшы өзгерістерді басқарудан (change management) өзгерістерге көшбасшылық жасауға (change leadership) көшу мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл – педагогтер тәжірибе жасап, қателесуден қорықпайтын, оқушылар дербестік танытатын, ал ата-аналар білім беру үдерісінің белсенді қатысушыларына айналатын мектеп ортасын қалыптастыру туралы болды.

Зерттеулер оқыту сапасын жетілдіруге қалай көмектеседі? Қатысушылар бұл мәселені Мацуяма университетінің Тіл және коммуникация жоғары мектебінің профессоры Брюс Лэндермен бірге талқылады. Сарапшы жапондық Lesson Study әдістемесінің және сабақтардың транскрипттерін егжей-тегжейлі талдауға негізделген Transcript-Based Lesson Analysis тәсілінің мүмкіндіктерін таныстырды.

Сабақ транскрипттері сыныпта болып жатқан үдерістерді зерттеуге және алынған деректерді педагогтердің кәсіби дамуы үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Профессор бұл жұмыста заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері туралы да айтып, аталған тәжірибелердің Қазақстанда оң нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті.

Оқыту сапасын жетілдіру мәселесінен кейін қатысушылар қазіргі мектеп оқушыларына қажетті дағдыларды талқылады. Нидерландтық сарапшы Эштер Саламон медиасауаттылықтың білім берудегі маңызды құрамдас бөлік ретіндегі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, оқушылар ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауды, дереккөздердің сенімділігін тексеруді және мәселелерді әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастыруды үйренуі қажет. Конференцияға қатысушылар да бұл тақырыптың өзектілігін атап өтті.

– Жаһандық көзқарас пен жобалық жұмыс бағытында сабақ беретін мұғалім ретінде бұл тақырыпты өте өзекті деп санаймын. Медиасауаттылықты ерте жастан дамыту қажет, әрі бұл жұмысқа барлық пән мұғалімдері атсалысуы тиіс, – деді конференция қатысушысы Зухра Зайниева.

Жас мұғалімдерді қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Тараз қаласындағы NIS педагогтері жас мамандардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға бағытталған тәлімгерліктің кейс-моделін ұсынды. Бұл тәсілдің негізінде рефлексивті диалог, педагогикалық тәжірибені бірлесіп талдау және қолдаушы кәсіби орта қалыптастыру қағидаттары жатыр.

Оқыту мен кәсіби даму мәселелерімен қатар конференция қатысушылары жекеменшік мектептерді дамытудың перспективаларын да талқылады. Арнайы панельдік пікірталас аясында академиялық адалдық, мектеп брендін қалыптастыру және ашық диалог мәдениетін дамыту мәселелері қарастырылды.

NIS XV конференциясының тақырыптық секциялары заманауи мектепті дамытудың сан алуан тәсілдерін көрсетті. Олар өнерді білім беру құралы ретінде пайдаланудан және сабақтарды зерттеуден бастап, мектептегі көшбасшылықты нығайту мен кәсіби ынтымақтастықты дамытуға дейінгі бағыттарды қамтыды. Ұсынылған тәжірибелер өзара тәжірибе алмасуға және білім беру ортасында қолдануға болатын тиімді шешімдерді талқылауға негіз болды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-