Жаңалықтар
Халықаралық астрономия олимпиадасында NIS оқушысы күміс жүлде алды
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Азамат Аймұратов Халықаралық астрономия және астрофизика олимпиадасында (IOAA 2026) ел қоржынына күміс медаль салды.
Биыл Вьетнам астанасы Ханойда өткен беделді додаға 66 ел мен аумақтан 300-ден астам оқушы қатысты. Қатысушылар теориялық білімін ғана емес, астрономиялық деректерді талдау, аспан денелерін бақылау және практикалық тапсырмаларды орындау шеберлігін де сынға салды.
Еске салсақ, Азамат үшін бұл халықаралық аренадағы алғашқы жетістік емес. Өткен жылы ол дәл осы олимпиадада қола жүлде еншілген еді.
Айта кетейік, IOAA – әлемдегі ең беделді халықаралық ғылыми олимпиадалардың бірі. 2007 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан дода оқушылар арасында астрономия мен астрофизикаға қызығушылықты арттырып, дарынды жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған.