Жаңалықтар
NIS-тің жас педагогтері Ұстаздар күнінде елордада бас қосты
Бүгін Астанада Ұстаздар күніне орай Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жас педагогтеріне арналған кәсіби кездесу өтті. Елдің әр өңірінен келген жас мамандар үшін бұл күн мерекені бірге атап өтумен қатар, тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнататын және ортақ кәсіби құндылықтарды айқындайтын алаңға айналды.
Бағдарлама аясында NIS Педагогикалық шеберлік орталығының сарапшылары жас ұстаздарға арналған арнайы сессиялар өткізді. Кездесулер тұлғалық көшбасшылық, психологиялық тұрақтылық және ішкі ресурсты сақтау тақырыптарын қамтыды.
Қатысушылар арасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері де болды. Кезінде NIS қабырғасында білім алған жастардың бүгінде ұстаздық жолды таңдап, өз мектебіне мұғалім ретінде қайта оралуы Зияткерлік мектептер қауымдастығындағы сабақтастықты айқын көрсетеді.
Сондай-ақ Ұстаздар күніне орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова NIS ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, қызметкерлердің білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесін атап өтті. Еңбегімен ерекшеленген бірқатар маманға Алғыс хаттар табысталды.