Жаңалықтар
NIS түлектеріне бес елдің 12 университеті жаңа академиялық мүмкіндіктер ұсынады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірегей NIS-Programme білім беру бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатының халықаралық танылу аясы тағы да кеңейді. Ұлыбритания, Нидерланд, Италия, Қытай және Жапонияның тағы 12 жоғары оқу орны NIS түлектерінің білім деңгейін ресми мойындап, оларға дайындық бағдарламасынсыз (Foundation) бакалавриатқа тікелей түсу мүмкіндігін ұсынады.
Осылайша, бүгінде NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын 104 шетелдік университет, Қазақстан Республикасының 26 жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым ресми түрде мойындайды.
Тізімге енген жоғары оқу орындарының басым бөлігі Ұлыбританияға тиесілі. Олардың қатарында University College London (UCL), University of Sheffield, University of Leicester, Goldsmiths, University of London, Regent’s University London, Royal Agricultural University, Hartpury University және University of Cumbria бар.
Лондондағы University College London (UCL) – әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарының бірі. QS World University Rankings 2027 тізімінде 8-орында тұрған UCL осымен 15 жыл қатарынан үздік ондықтан түскен жоқ. Мұнда білім беру, сәулет, медицина, психология, география, антропология, археология және фармация салалары ерекше дамыған. QS-тің 2026 жылғы пәндік рейтингінде «Білім беру» және «Сәулет және жасанды орта» бағыттары бойынша әлемде бірінші орынға ие.
Шеффилд қаласындағы University of Sheffield QS World University Rankings 2027 бойынша әлемде 82-орын, Ұлыбританияда 14-орын алады. Russell Group құрамына кіретін жоғары оқу орнының ғылыми әлеуеті де жоғары, яғни зерттеулерінің 92%-ы әлемдік жетекші немесе халықаралық деңгейде үздік деп бағаланған. Мұнда 150-ден астам елден келген 28 мыңнан астам студент білім алады.
University of Leicester Англияның Лестер қаласында орналасқан. QS World University Rankings 2027 тізімінде 314-орында. Times Higher Education World University Rankings 2027 нәтижесінде зерттеу сапасы бойынша Ұлыбританияда 10-орынға, әлемде 42-орынға ие болды. Археология мен клиникалық медицина салаларындағы зерттеулері де халықаралық деңгейде танылған.
Лондонның New Cross ауданындағы Goldsmiths, University of London шығармашылық және гуманитарлық ғылымдарға маманданған. QS-тің 2026 жылғы пәндік рейтингінде «Коммуникация және медиа зерттеулері» бойынша әлемде 18-орын, «Өнер және дизайн» бойынша 26-орын алады. «Орындаушылық өнер» мен «Өнер тарихы» да әлемнің үздік 50 бағдарламасының қатарына енген.
Глостершир графтығындағы Сайренсестер қаласында орналасқан Royal Agricultural University ауыл шаруашылығы, жер ресурстарын басқару, агробизнес, қоршаған орта және жылжымайтын мүлік салаларына маманданған. Тарихы XIX ғасырдан басталатын оқу орны ағылшынтілді әлемдегі алғашқы ауыл шаруашылығы колледжі ретінде қалыптасқан. Complete University Guide 2027 дерегінде «Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы» бағыты бойынша Ұлыбританияда 15-орында.
Глостер маңындағы Hartpury University ауыл шаруашылығы, жануарлар ғылымы, ат спорты, спорт, бизнес, психология және ветеринарлық мейіргер ісі салаларын қамтиды. 2026 жылғы Ұлттық студенттер сауалнамасында академиялық қолдау көрсету көрсеткіші бойынша Ұлыбританияда 10-орынға, Англияда 8-орынға ие болды. Сонымен қатар The Times and The Sunday Times Good University Guide 2026 басылымы оны «Жылдың үздік мамандандырылған университеті» деп таныды.
Ал University of Cumbria бірнеше оқу қалашығын біріктіреді. Негізгі кампустары Карлайл, Ланкастер, Амблсайд, Барроу-ин-Фернесс қалаларында және Лондонда орналасқан. Білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта, шығармашылық индустриялар мен спорт салаларына басымдық береді.
Лондондағы Regent’s Park аумағында орналасқан Regent’s University London халықаралық студенттер ортасымен танымал. Білім алушылардың шамамен 80%-ы – шетелдік студенттер, ал оқу орнында 130-дан астам елдің өкілдері бар. 2025 жылғы Ұлттық студенттер сауалнамасында студенттердің өз пікірлері мен идеяларын еркін білдіру мүмкіндігі бойынша Ұлыбританияда бірінші орын алған.
Нидерландта тізімге Энсхеде қаласындағы University of Twente қосылды. QS World University Rankings 2027 бойынша әлемде 223-орында. Бұл – оқу, зерттеу, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт және студенттік өмір бір кеңістікте тоғысқан бірегей жоғары оқу орындарының бірі. Қалашық аумағы 146 гектарды алып жатыр, онда үш мыңнан астам студенттік тұрғын үй бар. Сондай-ақ университетте заманауи ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерге арналған 400-ге жуық зертхана жұмыс істейді.
Италиядан Павия қаласындағы University of Pavia қосылды. 1361 жылы негізі қаланған бұл оқу орны елдегі көне университеттердің бірі саналады. Медицина және фармация салаларымен танылған. Ресми дерекке сәйкес, медицина бойынша Италияда 1-орын, фармация бойынша 2-орын алады. QS World University Rankings 2027 тізімінде әлем бойынша 395-орында.
Ал Қытайдың Шанхай қаласындағы Tongji University инженерлік білім мен ғылыми зерттеулерге басымдық береді. QS World University Rankings 2027 бойынша әлемде 146-орында. Әсіресе құрылыс инженериясындағы нәтижесі айрықша: ShanghaiRanking-тің 2026 жылғы пәндік рейтингінде бұл бағыт оныншы жыл қатарынан әлемде бірінші орын алды.
Жапониядағы The University of Osaka Осака префектурасында орналасқан, негізгі кампустары Суйта, Тоёнака және Миноо қалаларында шоғырланған. QS World University Rankings 2027 тізімінде 95-орында. Мұнда 100-ден астам ел мен өңірден келген студенттер білім алады. Жаратылыстану ғылымдары, инженерия, медицина және пәнаралық зерттеулер салаларында қуатты ғылыми орта қалыптасқан.
Жаңа мойындаулар NIS түлектерінің халықаралық жоғары білім кеңістігіндегі таңдау мүмкіндігін кеңейте түседі. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі жоғары оқу орындарының NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын қабылдауы Зияткерлік мектептердегі білім мазмұны мен оқу нәтижелерінің халықаралық талаптармен үндесетінін көрсетеді.