
Жаңалықтар
WRO – 2025: NIS-те төрешілерге арналған кәсіби кездесу өтті

19 маусым 2025
World Robot Olympiad аясында қазақстандық төрешілерге арналған кәсіби кездесу өтті. Шараға Future Innovators санатының бас төрешісі, Малайзиядағы WRO-ның ұлттық ұйымдастырушысы Тенгку Хазрул бин Тенгку Хайзар және Оңтүстік Кореядағы RoboRobo компаниясының өкілі Томирис Омарова қатысты.
Кездесу барысында Тенгку Хазрул инновациялық жобаларды бағалау тәсілдері, оқушылардың инженерлік ойлау қабілетін дамыту жолдары және әділ, инклюзивті бағалау мәдениетін қалыптастыру тәжірибесін бөлісті.
Тенгку Хазрул – STEM-білім беру саласындағы халықаралық сарапшы. Ол Малайзияда LEGO Education негізінде жүздеген мұғалімді даярлап, робототехниканы мектеп бағдарламасына енгізуге атсалысты. 2010 жылдан бастап WRO санаттары бойынша төреші, ал 2015 жылдан бері Future Innovators (Senior High) санатының халықаралық бас төрешісі. Сондай-ақ Малайзияда WRO ұлттық жүйесін қалыптастырып, ел командаларының жаһандық деңгейде үздік атануына үлес қосып келеді.
Кездесуде RoboRobo компаниясының қызметі де таныстырылды. Ұйым өкілі Томирис Омарова білім беру саласына арналған робототехникалық шешімдер мен оқу құралдарының оқушылардың логикалық ойлау, алгоритмдік машықтар және техникалық қабілеттерін дамытудағы маңызын атап өтті.
RoboRobo – оқу-роботтық жиынтықтар мен STEM бағдарламаларын әзірлеуде көшбасшы болып саналатын Оңтүстік Кореяның компаниясы. Оның өнімдері бүгінде әлемнің көптеген елдеріндегі мектептер мен білім беру ұйымдарында табысты қолданылып келеді. Сонымен қатар RoboRobo – WRO жүйесінің ресми алтын серіктесі (Gold Partner), әрі халықаралық білім беру бастамаларын қолдауға белсенді қатысатын ұйым.
Бұл кәсіби кездесу қазақстандық мамандар үшін WRO стандарттарын тереңірек түсініп, төрешілік пен ұйымдастыру ісіндегі әдістемелік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.