
Жаңалықтар
«Туған елге тағзым – 2025»

13 маусым 2025
NIS оқушылары 7 қалаға зерттеу экспедициясын жасады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясы өз мәресіне жетті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ден астам NIS оқушысы Қазақстанның жеті қаласында зерттеу сапарында болды.
Астана қаласында экспедицияға қатысушылар Назарбаев Университетінің технопаркіне, Ұлттық ғарыш орталығына, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне, Astana Hub технопаркі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне барды. Сондай-ақ оқушылар Абай шығармашылығына арналған поэтикалық квесттерге, викториналар мен «Даналық сандығы» жобасының шеберлік сағаттарына қатысты.
Алматыда экспедицияның негізгі бағыты экотуризм мен қолданбалы ғылым салаларына арналды. Қатысушылар Шарын шатқалына, Көлсай көлдеріне, Аюсай шатқалына, «Есік» музейіне, Mixed Reality зертханасына және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (IITU) саяхат жасады. Сонымен қатар оқушылар асықтан панно жасап, «Көлсай көлдері – Тянь-Шаньның інжу-маржаны» атты фотокемп аясында өз жобаларын қорғады.
– Бұл жаққа алғаш рет келуім. Мұндағы табиғаттың сұлулығы расында таңғаларлық. Шарын шатқалы – шексіз кеңістіктей, ал Көлсай көлі – асқар таулардың арасында жасырынған інжу секілді. Қазақстан табиғатының байлығы мен көркемдігі жүректе Отанға деген мақтаныш сезімін оятады, – дейді Қостанайдағы NIS оқушысы Мирас Тойымбетов.
Ақтөбе сапары барысында зияткерлер өңірдің ерлікке толы тарихи мұрасымен танысты. Олар «Қобыланды батыр» мемориалдық кешеніне, Әлия Молдағұлова музейіне, «Абат-Байтақ» кесенесіне және заманауи металлургия өндірісі жүзеге асырылатын рельс-арқалық зауытына барды.
Атырауда NIS оқушылары «Теңізшевройл» ЖШС, полиэтилен зауыты сияқты өндірістік нысандарды аралап, Алтын Орданың көне астанасы – Сарайшыққа сапар жасады. Экспедиция аясында оқушылар музейлерге, кітапханаларға, археологиялық ескерткіштерге барып, жергілікті зерттеушілермен кездесті.
Қостанайда оқушылар Ыбырай Алтынсариннің тағылымды мұрасымен танысып, «СарыаркаАвтоПром», «Арасан», нан комбинаты сияқты өндіріс орындарына және Наурызым мемлекеттік қорығына барды. Сонымен қатар олар асықтан торсық жасап көрді.
Петропавлдағы экспедиция қатысушыларды өңірдің тарихы мен агроөнеркәсіп саласына терең үңілуге мүмкіндік берді. Бағдарлама аясында олар Абылай хан резиденциясына, «Ботай» және «Айғаным қонысы» археологиялық кешендеріне, Шоқан Уәлиханов пен Мағжан Жұмабаевтың музейлеріне, сондай-ақ заманауи агрокәсіпорындар мен өндірістік цехтарға барды.
– Экспедиция маған ауылдық жерлерді тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Патриоттық рухты сезіндім, ауыл инфрақұрылымына қызығушылығым артты және осы тақырыпта жоба дайындауды жоспарлап отырмын. Әсіресе домбыра жасау мен асық ойыны ерекше әсер қалдырды. Маған «Туған елге тағзым» жобасы өте ұнады – жаңа жерлерді танып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалармен дос болдым, – деп бөлісті Оралдағы NIS оқушысы Аружан Хуан.
Тараз қаласындағы бағдарлама тарихи-мәдени және өндірістік нысандарды қамтыды. Қатысушылар Айша бибі, Қарахан және Тектұрмас кесенелеріне, ортағасырлық Ақыртас қалашығына барды. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС мен Тараз шыны зауытында болып, этнодизайн және қолөнер жобаларына қатысты.
Экспедиция барысында Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен идеяларын насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. Оқушылар театрландырылған қойылымдарға қатысып, шеберлік сабақтарында өз қабілеттерін дамытты, музыкалық кештер мен арт-нысандар арқылы Абай әлемін жаңа қырынан таныды. Сонымен қатар STEAM қағидаттары Абай философиясымен ұштастырылып, оқушылардың танымдық көкжиегін кеңейтуге сеп болды.
Зерттеу жұмыстарына қосымша ретінде оқушылар белсенді түрде сыныптан тыс іс-шараларға қатысты. Квиздер, спорттық ойындар, би және шығармашылық шеберлік сабақтары, командалық тренингтер мен мәдени кештер ұйымдастырылды.
2012 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Туған елге тағзым» экспедициясы – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірегей авторлық жобасы. Бұл тек туған өлкені танумен шектелмейтін, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, зерттеу дағдыларын дамытуға және ұлттық мұраға деген құрметті тәрбиелеуге бағытталған ауқымды бастама.
Айта кеткен жөн, «Туған елге тағзым» және басқа да тәрбие жобалары ресми түрде тіркеліп, авторлық құқықпен қорғалған. Бұл бастамалар NIS-тің тәрбие жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне де кеңінен таралып отыр.