Жаңалықтар
Татарстан Білім және ғылым министрлігінің өкілдері NIS тәжірибесімен танысты
Бүгін Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Татарстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өкілдерін қабылдады.
Министр орынбасары Алсу Асадуллина бастаған делегация NIS Астана–Нұра мектебінде болып, Зияткерлік мектептердің білім беру ортасымен, оқу үдерісімен және оқушыларды дамытуға бағытталған жобаларымен танысты.
Сондай-ақ кездесу барысында NIS Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова ұйым қызметінің негізгі бағыттары – білім беру бағдарламаларын әзірлеу, педагогтердің кәсіби дамуы, тәжірибе тарату жұмыстары, мектептерді басқару және NIS-тің өзге де тәжірибелері туралы ақпарат берді.
Татарстан өкілдері білім алушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытына айрықша назар аударды. Делегацияға Зияткерлік мектептердегі кешенді қолдау жүйесі, оның ішінде «Берік отбасы» бағдарламасы, KiVa антибуллинг жобасы, психологиялық және медициналық сүйемелдеу, оқушылардың әл-ауқат индексі, сондай-ақ қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған бастамалар туралы баяндалды.
Сонымен қатар меймандар Зияткерлік мектептердің бастамасымен құрылған Орталық Азиядағы мектеп психологтері қауымдастығының қызметімен танысты. Қауымдастық кәсіби тәжірибе алмасуға, нетворкингке, семинарлар мен супервизияларға, сондай-ақ әдістемелік материалдар мен психологиялық құралдарға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.