Жаңалықтар
NIS оқушылары «InnovArt: Болашақ өнері» желілік арт-фестивалінде бас қосты
Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «InnovArt: Болашақ өнері» желілік арт-фестивалі өтті. Дәстүрлі шығармашылық алаң биыл NIS Астана-Нұра мектебінің базасында ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 242 оқушының басын қосты. Фестивальге 21 Зияткерлік мектептің және International Steppe School of Astana мектебінің оқушылары қатысты.
Арт-фестиваль – NIS жүйесіндегі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өнер арқылы өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі.
Фестивальдің жабылу салтанатына ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысып, жас өнерпаздарға ізгі тілектерін білдірді.
– Мұндай бастамалар жастардың жан-жақты дамуына, шығармашылық әлеуетін ашуына және өз қабілетін көрсетуіне жол ашады. Мемлекет басшысы дарынды әрі креативті жастарды әрдайым қолдайды. Бүгінгі жетістіктеріңіз болашақ үлкен жеңістердің бастауы боларына сенемін, – деді Алексей Цой.
Ал Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан заманда сапалы біліммен қатар шығармашылық қабілеттерді дамыту бұрынғыдан да өзекті бола түскенін атап өтті. Министрдің айтуынша, технология мен шығармашылық бір-бірін толықтыра отырып, қатар дамуы тиіс. Мұндай тепе-теңдік жастардың жаңашыл ойлауын қалыптастырып, олардың өзгермелі әлемге бейімделуіне мүмкіндік береді.
Биыл қатысушылар мюзикл, әлеуметтік бейнеролик, Sand Art және қолөнер бағыттары бойынша өз бақтарын сынады.
Мюзикл бағытында оқушылар жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, музыка, театр, хореография және вокалды ұштастырған сахналық қойылымдарын ұсынды. Ал әлеуметтік бейнероликтерде қоғамға қызмет ету, жауапкершілік және азаматтық ұстаным тақырыптары көрініс тапты.
Sand Art бағыты бойынша қатысушылар Зияткерлік мектептердің «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасындағы шығармалар желісі негізінде құммен ерекше көркем туындылар жасады. Қолөнер номинациясында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі шеберлікті дәріптейтін жұмыстарды таныстырды. Оқушылар ағаш, мата, тері, саз балшық және моншақтан бұйымдар жасап, кесте мен канзаши техникасындағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Фестиваль әр өңірден келген оқушылардың шығармашылық ізденістерін тоғыстырып, олардың өнер арқылы өз ойы мен көзқарасын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша әр бағытта үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
«Sand Art» бағыты:
«Үздік жұмыс» – Айзере Асқарова, NIS Астана-Нұра
«Үздік көрнекі эффектілер» – Аделина Финансова, NIS Қызылорда
«Автордың шығармашылық даралығы» – Самира Жаркенова, NIS Көкшетау
«Тақырыпты ашудың өзіндік ерекшелігі» – Мұхитжан Ернияз, NIS Алматы-Медеу
«Шығарманың ең үздік көркемдік интерпретациясы» – Мерей Сапарбек, NIS Түркістан
«Үздік сюжет» – Нұрсая Бейбіт, NIS Шымкент-Қаратау
«Шабыт» – Сейлин Елгезекова, NIS Астана
«Қолөнер» бағыты:
«Үздік қолөнер бұйымы» – Айзере Қасымбекова, NIS Семей
«Қағаздан құралған өнер сиқыры» – Арсен Асхатұлы, NIS Алматы-Медеу
«Түрлі түсті жіптер» – Мадина Баяхмет, NIS Петропавл
«Табиғи материалдармен жұмыс» – Арайлым Дахан, NIS Шымкент-Қаратау
«Қыш жасау» – Зере Бейсегүл, NIS Тараз
«Жанрлар симфониясы» – Динара Союзбек, NIS Астана-Нұра
«Ерекше көзқарас» – Еркенұр Есенбекова, NIS Қызылорда
«Ұлттық нақыш» – Гүлфайруз Сабирова, NIS Атырау
«Дәстүр мен заманауилық» – Ақжан Қазанқап, NIS Түркістан
«Құндылықтар шығармашылықта» – Ақтоты Берғазина, NIS Ақтөбе
«Шеберлік жұмыс» – Әсия Тілекбай, NIS Ақтау
«Көркем қолөнер» – Айдана Алдажарова, Жанель Жеңіс, ISS of Astana
«Мюкзикл» бағыты:
«Үздік қойылым» – NIS Астана
«Үздік ән» – NIS Өскемен
«Өзіндік тақырып» – NIS Қарағанды
«Үздік актер» – Асқар Тұрсын, NIS Шымкент-Абай
«Үздік актриса» – Назым Мұратхан, NIS Павлодар
«Үздік қосалқы актриса» – Айша Тоқтанәлі, NIS Алматы-Наурызбай
«Үздік қосалқы актер» – Алан Омаров, NIS Көкшетау
«Ең әсерлі сахналық шешім» – NIS Қостанай
«Үздік хореография» – NIS Орал
«Үздік аранжировка» – NIS Қызылорда
«Үздік вокал» – NIS Петропавл
«Үздік сюжет» – NIS Семей
«Сахналық драматургия» – NIS Шымкент-Қаратау
«Әлеуметтік ролик» бағыты:
«Үздік әлеуметтік ролик» – NIS Қостанай
«Жүректерді біріктіретін құндылықтар» – NIS Петропавл
«Маңызды тақырып» – NIS Талдықорған
«Объектив арқылы – өзгеріске» – NIS Қызылорда
Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде академиялық біліммен қатар оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары мектеп түлектерінің креативті индустрияларға қызығушылығы артып келеді. 2010–2025 жылдар аралығында 358 NIS түлегі дизайн, сәулет, режиссура, актерлік өнер, бейнелеу өнері және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша білім алуды таңдаған.