banner

Жаңалықтар

Шымкентте робототехникадан ұлттық дода басталды

news

19 маусым 2025

Бүгін Шымкент қаласында World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының республикалық кезеңі басталды. Олимпиаданы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізуде.

Ұлттық деңгейдегі байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық оқушы жиналды. Қатысушылардың жартысы – жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, оның ішінде ауыл мектептерінен келген 10 команда бар.

World Robot Olympiad бүгінде біздің еліміз үшін игі дәстүрге айналды. Өткен жылы Қазақстан халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік рейтингте сегізінші орынды иеленді. Биыл да ұлттық кезеңнің үздік командалары Сингапурда өтетін финалда өздерінің жоғары дайындығы мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді деп сенеміз. Барлық командалар мен төрешілерден әділдік пен ашықтық қағидаттарын қатаң сақтауды сұраймыз. Бұл – біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Биылғы маусымның тақырыбы – «Future of Robots» («Роботтардың болашағы»), мұнда жас инженерлер робототехниканың көмегімен адамзат өмірін жақсартып, жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосатын жобалар жасайды.

Жарыс RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers категориялары бойынша өтеді. RoboMission санатында қатысушылар автономды робот жасап, шектеулі уақыт ішінде тапсырмалар орындайды. RoboSports санатында робот-командалар спорттық ойындар форматында бір-бірімен сайысады. Future Innovators категориясында командалар өзекті әлеуметтік немесе экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобаларын жасап, төрешілерге таныстырады. Future Engineers санатында оқушылар сенсорлар мен бағдарламалау негізінде «смарт-автомобиль» құрастырып, оны күрделі кедергілер жолымен өздігінен жүріп өтуге баптайды.

Сондай-ақ биылғы олимпиадада қазақстандық білікті төрешілер құрамы халықаралық деңгейдегі сарапшымен толықты. Future Innovators санатының бас төрешісі қызметін Малайзиядағы WRO-ның ұлттық ұйымдастырушысы Тенгку Хазрул бин Тенгку Хайзар атқарады.

– Балалар, сендер – болашақтың сәулетшілерісіңдер. Құрастырып жатқан роботтарың – жай ғана техника емес, үлкен арманның бастамасы. Бар мүмкіндіктеріңді тиімді пайдаланыңдар. Әртүрлі тәсілдерді қолданып, бүгін жасаған шағын қадамдарың ертеңгі үлкен жаңалықтарға жол ашсын. Жарыстың барлық кезеңінен жақсы көңіл-күймен өтіп, әрқайсысыңызға сәттілік тілеймін, – деді Тенгку Хазрул бин Тенгку Хайзар.

Республикалық кезеңде үздік шыққан командалар 28–29 қарашада Сингапурда өтетін халықаралық финалда Қазақстанның намысын қорғайды.

WRO-ның республикалық кезеңін ұйымдастыруға бірқатар серіктес ұйымдар қолдау көрсетті. Демеушілер қатарында Қазақстан-Британ техникалық университеті, Central Asian Educational Solutions, Оңтүстік Кореяның RoboRobo компаниясы және Next Generation ағылшын тілі мектебі бар. Бұл ұйымдар жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар мен робототехникалық жабдықтар ұсынып, білім беру бастамаларын қолдауда белсенділік танытпақ.

Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бастап World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының Қазақстандағы ұлттық ұйымдастырушысы қызметін сәтті атқарып келеді. Бұл жылдар ішінде олимпиадаға мыңдаған оқушы қатысып, инновациялық идеяларын ұсынуға мүмкіндік алды.

World Robot Olympiad миссиясы – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін арттырып, инженерлік және мәселені шешу дағдыларын дамыту. Роботтарды құрастырып, түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қатысушылар STEM, яғни ғылым, технология, инженерия және математика салаларына деген қызығушылығын арттырады.

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-