banner

Жаңалықтар

Сапалы білім баршаға қолжетімді ме? NIS конференциясында сарапшылар жауап іздеді

news
30 қазан 2026 |
12

Сапалы білім баршаға қолжетімді болуы мүмкін. XV NIS халықаралық конференциясындағы интерактивті сауалнамаға қатысушылардың 79%-ы осындай пікір білдірді. Ал қалған 21%-ы бұл мақсатқа жету қиын деп есептейді. Бұл нәтижелер сапалы білімнің басты өлшемі қандай және оны әрбір оқушыға қолжетімді ету үшін не өзгеруі тиіс деген мәселелер төңірегіндегі пікірталасқа негіз болды.

«Баршаға сапалы білім: қиял ма, әлде қол жеткізуге болатын мақсат па?» тақырыбындағы панельдік талқылауда АҚШ пен Финляндиядан келген сарапшылар және отандық педагогтер білім беру саясаты, технологиялардың мүмкіндіктері мен оқушылардың болашаққа дайындығы туралы пікір алмасты.

АҚШ-тағы Арканзас университетінің білім беруді реформалау департаментінің басшысы, Дүниежүзілік банктің бұрынғы аға кеңесшісі Гарри Патринос сапалы білімнің баршаға қолжетімді болуын жүзеге асыруға болатын мақсат деп бағалады. Оның пікірінше, бұған білім беру саясатын жетілдіру және технологияларды тиімді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады.

Мичиган штаты университетінің (АҚШ) профессоры Дуглас Хартман білім сапасының өлшемдері уақыт өте өзгеретінін атап өтті. Бүгін маңызды саналатын дағдылар алдағы онжылдықтарда өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Алайда технологиялар қаншалықты дамыса да, мұғалімнің ықпалы шешуші болып қала береді.

«Технологиялар қаншалықты дамыса да, білім сапасына әсер ететін басты күш – мұғалім. Оның оқушының білім алуына ықпалы технологияларға қарағанда 3–5 есе жоғары», – деді Дуглас Хартман.

Финляндиялық танымдық нейроғылым зерттеушісі, Samoi компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Катри Саарикиви білім берудің түпкі мақсатына назар аударды. Ол халықаралық тестілеу нәтижелері оқушының болашақ өмірге дайындығын толық көрсете ала ма деген мәселені көтеріп, сыни ойлауды дамыту қажеттігін атап өтті.

Ал NIS Астана IB зерттеуші-мұғалімі Лаура Абдезимова білім сапасын оқушының нақты дағдыларымен байланыстырды. Оның пікірінше, бастысы – меңгерген ақпараттың көлемі емес, оны талдай білу, дербес шешім қабылдау және алған білімін өмірде қолдану қабілеті.

Пікірталаста білім сапасын тек академиялық нәтижелермен шектеуге болмайтынына назар аударылды. Сарапшылар технологияларды тиімді пайдаланумен қатар, оқушылардың өмірлік дағдыларын дамытудың және мұғалімнің рөлін күшейтудің маңызын атап өтті. Панельдік талқылауға білім беру саласындағы сарапшы Назипа Аюбаева модераторлық етті.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-