banner

Жаңалықтар

Қостанайда NIS-тің дәстүрлі Тамыз конференциясы басталды

news
19 тамыз 2026 |
144

Қостанай қаласындағы NIS-те «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның дәстүрлі Тамыз конференциясы өз жұмысын бастады. Биылғы конференция «Ізденімпаз ұстаз – сапалы өзгерістің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.

Іс-шара NIS педагогикалық қауымдастығын біріктіріп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын кәсіби алаңға айналды. Конференцияға мектеп директорлары, директорлардың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, мұғалімдер мен кәсіби даму тренерлері қатысуда.

Пленарлық отырыста «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин дербестендірілген оқытуға көшу жаңа технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмейтінін, бұл үдеріс мұғалімнің білім берудегі рөлін жаңаша пайымдауды талап ететінін атап өтті.

– Біз NIS түлегінің бойында қандай білім, дағды мен құндылықтар болуы керектігін нақты белгіледік. Ендігі маңызды міндет – осындай түлекті қалыптастыра алатын мұғалім қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру. Сондықтан алдағы екі күнде NIS педагогіне тән кәсіби құзыреттер мен негізгі сипаттарды айқындап, бейінін әзірлеуге басымдық береміз, – деді Әнуар Жанғозин.

Сондай-ақ Басқарма төрағасы жаңа оқу жылында осы бағыттағы негізгі құралдардың бірі Beyim.ai платформасы болатынын атап өтті. Платформа оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтап, оның жеке қажеттіліктеріне сәйкес білім алу бағытын құруға мүмкіндік береді.

Конференция бағдарламасында қазіргі білім берудің өзекті мәселелеріне, мұғалімдердің зерттеушілік мәдениетін дамытуға және оның білім сапасын арттырудағы рөліне ерекше назар аударылған. Қатысушылар педагогтердің кәсіби дамуына арналған заманауи тәсілдермен, сондай-ақ өз тәжірибесін зерделеу мен талдау құралдарымен танысады.

Бағдарлама аясында оқытуды саралау, оқушылардың метатанымдық дағдыларын дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде тиімді пайдалану бағыттары бойынша шеберлік сағаттары және педагогикалық тәжірибені бағалауға арналған сессиялар өтеді. NIS педагогтері тәжірибеде тиімділігін көрсеткен әдістер мен нақты кейстерді әріптестерімен бөліседі.

Сонымен қатар конференцияда «Табысты тәжірибелер панорамасы» мен «Оқытудағы инновациялар: NIS мұғалімінің тәжірибесіндегі жасанды интеллект» педагогикалық әзірлемелер байқауы қорытындыланып, үздіктерді марапаттау рәсімі өтеді.

Дәстүрлі Тамыз конференциясы NIS-тің алдағы оқу жылына арналған ортақ кәсіби күн тәртібін қалыптастырып, білім беруді дамытудағы басым міндеттерді айқындайды. 2026 жылғы конференцияның басты назарында – мұғалімнің кәсіби дамуы, зерттеушілік мәдениетті нығайту, әріптестік пен педагогикалық тәжірибені жүйелі жетілдіру.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-