Жаңалықтар
NIS педагогтері кәсіби дамудың тиімді тәсілдерін талқылады
Бүгін NIS Тамыз конференциясының жұмысы педагогтердің кәсіби дамуына, мектеп командаларының өзара іс-қимылына және білім беру тәжірибесін басқарудың заманауи тәсілдеріне арналған практикалық сессиялармен жалғасты.
Конференцияның екінші күні NIS Talks: Teacher Backstage алаңынан басталды. Педагогтер өздерінің кәсіби қалыптасу жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, дер кезінде көрсетілетін қолдаудың маңызы мен педагогикалық өтіліне қарамастан үнемі білім алып, дамудың қажеттігін талқылады.
Негізгі тақырыптардың бірі Professional Learning Community (PLC) жұмысына арналды. Директорлар, директорлардың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, әдістемелік бірлестік жетекшілері мен кәсіби даму тренерлері жұмыс топтарында кәсіби өзара әрекеттестіктің тиімді форматтарын және мектептерде PLC жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін талқылады. Мектеп деңгейінде кәсіби қауымдастықтардың жүйелі жұмысын қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мектеп басшылары үшін басқару және стратегиялық даму мәселелеріне арналған жеке бағдарлама да ұйымдастырылды. Қатысушылар мектеп жұмысының тиімділігін арттыру мен басқарушылық бастамаларды іске асырудың практикалық тәсілдерін қарастырды.
Директорлардың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары мен әдістемелік бірлестік жетекшілеріне «NIS дағдылар картасы» таныстырылды. Қатысушылар оны мектеп деңгейінде қолдану және жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін талқылады.
Ал кәсіби даму тренерлері педагогтерді қолдаудың тиімді құралдарына арналған шеберлік сабағына қатысты. Үш мектептің тәжірибесі негізінде қатысушылар кәсіби дамуды ұйымдастырудың практикалық тәсілдерімен танысып, арнайы тапсырмалар орындады.
Педагогтерге арналған практикалық бағдарлама заманауи білім беру тәжірибесінің бірнеше бағытын қамтыды. Шеберлік сабақтарында метатанымдық дағдыларды дамытуға бағытталған сабақты жобалау, оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып сараланған тапсырмаларды жоспарлау, заманауи педагог жұмысын автоматтандыру және визуалды контент әзірлеу, сондай-ақ жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тәсілдері қарастырылды.
Конференция аясындағы тағы бір маңызды тақырып педагогтерді аттестаттау және олардың кәсіби дамуына арналды. Қатысушыларға мектептердің табысты тәжірибелерімен толықтырылған жаңа тәсілдер мен шешімдер ұсынылды. Жекелеген сессияларда педагогикалық тәжірибені бағалау нәтижелерін мұғалімдердің алдағы кәсіби дамуын жоспарлауда пайдалану жолдары талқыланды.
Конференцияның практикалық сессиялары қатысушыларға педагогикалық командаларды дамытуға және NIS мектептеріндегі білім беру тәжірибесін жетілдіруге бағытталған нақты құралдар мен басқарушылық шешімдерді қарастыруға мүмкіндік берді.