Жаңалықтар
Қазақстандық педагогтер NIS/SHARE жобасы аясындағы оқуды аяқтады
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында мұғалімдердің зерттеушілік тәжірибесін жетілдіруге, кәсіби ынтымақтастығын нығайтуға және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған NIS/SHARE жобасының кезекті оқу кезеңі қорытындыланды.
NIS/SHARE жобасы – Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2012 жылдан бері жүйелі түрде дамып келе жатқан іс-әрекеттегі зерттеу тәжірибесінің жалғасы. Бұл бағыт мұғалімге өз тәжірибесіне зерттеуші көзқараспен қарап, нақты деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға, сабақты жетілдіруге және оқушының оқуына әсер ететін тиімді тәсілдерді анықтауға мүмкіндік береді.
Оқу бағдарламасына NIS педагогтері мен мектеп командаларының өкілдері, сондай-ақ Астана қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері қатысты. Екі когортаға бөлінген қатысушылар мектеп тәжірибесін зерттеу, кәсіби рефлексия, менторлық және тәжірибе алмасу бағыттарында жұмыс жүргізіп, өз мектептеріндегі даму үдерістерін жетілдіруге арналған нақты қадамдарды айқындады.
Оқу барысында қатысушылар бұған дейінгі тәжірибені саралап, нақты кейстермен жұмыс істеді. Олар фасилитация мен менторлық дағдыларын жетілдіріп, іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізудің тиімді жолдарын талқылады және жаңа оқу жылына арналған нақты қадамдарды айқындады. Бағдарламада көшбасшылықты дамыту, кәсіби тәжірибені әріптестер арасында тарату және серіктес мектептермен жүйелі жұмыс жүргізу мәселелеріне ерекше мән берілді.
Оқытуды білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар Коллин Маклафлин мен Кэтрин Эванс жүргізді. Тренерлер қатысушыларға іс-әрекеттегі зерттеу, менторлық, көшбасшылық, фасилитация және мектеп командаларын дамыту бағыттары бойынша әдістемелік қолдау көрсетті.
Жобаның басты ерекшелігі – іс-әрекеттегі зерттеу мұғалімдерге мектеп тәжірибесіндегі нақты мәселелерді терең талдап, оларды шешудің тиімді жолдарын табуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл педагогтердің кәсіби рефлексиясын күшейтіп, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты дамытады және деректерге сүйеніп шешім қабылдау мәдениетін қалыптастырады. Өз тәжірибесін зерттеу арқылы мұғалімдер оқу үдерісіндегі нақты жағдайларды зерделеп, тиімді шешімдер ұсынады және нәтижелі тәжірибесін әріптестерімен бөліседі.
Шара соңында қатысушылар кәсіби дамудың кезекті кезеңінен өткенін растайтын сертификаттар алды.
NIS/SHARE жобасы – Астана қаласының мектептерінде қала әкімдігі мен Кембридж университетінің білім беру факультетінің қолдауымен жүзеге асырылған SHARE бастамасының жалғасы.