banner

Жаңалықтар

Ақтаудағы NIS оқушылары Baku Art Festival байқауында Гран-при иеленді

news
12 маусым 2026 |
79

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қос перне» домбырашылар ансамблі Әзербайжан астанасы Бакуда өткен халықаралық Baku Art Festival байқауында Гран-при жеңіп алды.

Халықаралық шығармашылық фестиваль Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжанның дарынды жастарын бір алаңға жинады. Байқау бағдарламасында қатысушылар аспапта орындау, вокал, хореография, театр және бейнелеу өнері бағыттары бойынша өнер көрсетті.

Ансамбль байқаудың бас жүлдесін «Секіртпе» күйін орындағаны үшін иеленді. Сонымен қатар ұжымның репертуарындағы «Ерке сылқым» күйі I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Жеке орындаушылар да жүлделі орындардан көрінді. 8-сынып оқушысы Мохаммед Али Рамазан Құрманғазының «Сарыарқа» күйін орындап, I орынға ие болды. Ал 7-сынып оқушысы Алихан Егизбаев Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасымен II орын иеленді.

Оқушыларды байқауға ансамбль жетекшісі Дидар Пердебекова дайындады.

«Қос перне» ансамблінің халықаралық сахнадағы жеңісі — Ақтаудағы NIS үшін маңызды жетістік. Бұл нәтиже оқушылардың орындаушылық шеберлігін ғана емес, ұлттық музыка өнерін әлемдік деңгейде танытуға деген талпынысын да айқын көрсетті.

Бөлісу: