Жаңалықтар
NIS түлектері Дубайдағы Вуллонгонг университетінде бакалавриатты 3 жылда аяқтай алады
Дубайдағы Вуллонгонг университеті (University of Wollongong in Dubai) Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme оқу бағдарламасы мен түлектерге табысталатын NIS Grade 12 Certificate құжатын ресми түрде мойындады. Осылайша, NIS түлектерінің академиялық дайындық деңгейін мойындаған шетелдік университеттердің саны 76-ға жетті.
Бұл келісім NIS түлектеріне Дубайдағы Вуллонгонг университетінде қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша білім алуға жол ашпақ. Мектепті аяқтаған талапкерлер бизнес, компьютерлік ғылымдар, ақпараттық технологиялар, медиа және әлеуметтік ғылымдар бағыттары бойынша бакалавриатты 3 жылда аяқтауға мүмкіндік беретін Advanced Track бағдарламаларына үміткер бола алады. Сонымен қатар оларға оқу ақысына жеңілдіктер мен академиялық жетістіктеріне қарай стипендиялар да қарастырылады.
Дубайдағы Вуллонгонг университеті – Австралиядағы Вуллонгонг университетінің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі халықаралық кампусы. Университет QS World University Rankings және Times Higher Education халықаралық рейтингтеріне енген жоғары оқу орындарының бірі.
Айта кетейік, бүгінде NIS-Programme оқу бағдарламасы мен NIS Grade 12 Certificate құжатын шетелдік университеттермен қатар, Қазақстандағы 26 жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым мойындап отыр.