
Жаңалықтар
Қазақстандағы World Robot Olympiad 2025: Олимпиаданы кімдер қолдайды?

23 маусым 2025
Қазақстанда өткен World Robot Olympiad 2025 халықаралық робототехника олимпиадасының ұлттық іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылар мен болашақ инженерлерді біріктірді. Осыдан он бір жыл бұрын қолға алынған бұл бастама бүгінгі күні тек техникалық сайыс қана емес, сонымен қатар STEM саласындағы білім мен инновацияны дамытуға арналған маңызды платформаға айналды.
Олимпиаданың табысты өтуіне ел ішіндегі және шетелдегі жетекші білім беру ұйымдары мен технологиялық серіктестер қолдау көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге түрлі сыйлықтар мен оқу мүмкіндіктерін ұсынған серіктестер қатарында Қазақстан-Британ техникалық университеті екі білім грантын берсе, білім беру жабдықтарын жеткізумен айналысатын Central Asian Educational Solutions компаниясы екі ноутбук, Fischertechnik оқу конструкторлары мен Pearson әзірлеген оқу курстарын табыстады. Ал WRO жүйесінің алтын серіктесі саналатын Оңтүстік Кореяның RoboRobo компаниясы жарысқа арнайы төрт интеллектуалды дрон (R-DRONE) және төрт AI-жобалау жиынтығын (DIYGO BASIC) әкелді. Бұл құралдар оқушылардың бағдарламалау, сенсорлық басқару және жасанды интеллект негіздерін тәжірибе арқылы меңгеруіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ шет тілдерін оқытуда ұзақ жылдық тәжірибесі бар New Generation білім беру орталығы смарт-сағаттар мен академиялық бағдарламаларға жеңілдіктері бар сертификаттар табыс етті.
Олимпиадаға халықаралық деңгейдегі сарапшы ретінде Малайзиядағы WRO-ның ұлттық ұйымдастырушысы Тенгку Хазрул бин Тенгку Хайзар арнайы шақырылды. Ол Future Innovators Senior санатында бас төреші ретінде қызмет атқарып, қатысушылардың жобаларына жоғары баға берді. Өз сөзінде малайзиялық маман Қазақстанда ұйымдастырылған олимпиаданың кәсіби деңгейін, қатысушылардың дайындық сапасы мен шынайы қызығушылығын ерекше атап өтті.