banner

Жаңалықтар

Астанада «Берік отбасы» және KiVa бағдарламалары бойынша мұғалімдерге арналған оқыту тренингі өтті

news

27 маусым 2025

Астаналық 100-ден астам педагог «Берік отбасы» және KiVa бағдарламалары бойынша оқытудан өтті. Бұл бағдарламалар мектептерде эмоциялық саулықты қалыптастыру мен буллингтің алдын алуға арналған заманауи тәсілдерге негізделген. Шараны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырды.

Тренингке пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және педагог-психологтар қатысты. Оқыту жұмыстарын KiVa бағдарламасының халықаралық сертификатталған жаттықтырушылары, NIS Білім беру бағдарламалары орталығының мамандары және Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологтары жүргізді. Семинар бағдарламасы интерактивті форматта құрылып, алынған білімді тәжірибеде қолдануға баса назар аударылды.

Оқыту барысында бағдарламалардың мазмұнына ерекше көңіл бөлінді. KiVa – Финляндиядағы Турку университетінің зерттеушілері әзірлеген, мектеп ортасында буллингтің алдын алуға бағытталған жүйелі бағдарлама. Дәстүрлі тәсілдерден айырмашылығы – KiVa тек буллинг жасаушы мен құрбанға ғана емес, сонымен қатар сырттай бақылаушылардың рөліне де назар аударады. Бағдарлама авторларының пікірінше, дәл осы топтың реакциясы буллинг жағдайларының санын едәуір азайта алады.

«Берік отбасы» бағдарламасы ата-аналар мен балалар арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға, отбасы ішіндегі байланысты күшейтуге және эмоциялық жақындықты арттыруға бағытталған. Бағдарламаны әзірлеу барысында оның мазмұнын қазақстандық жағдайға бейімдеуге – менталитетке, мәдени ерекшеліктерге және ата-аналардың тәрбиелік ұстанымдарына – ерекше мән берілді.

Тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған материалдардың жоғары сапасы мен тәжірибелік маңызын атап өтті. Бұл семинар мұғалімдердің біліктілігін арттыратын алаң ғана емес, сондай-ақ мектеп ортасындағы басты құндылықтар – қауіпсіздік, құрмет пен қолдау мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасу орнына айналды.

Фотогалерея

image-
image-
image-