Жаңалықтар
Педагогтер білім беруде ЖИ қолданудың жаңа тәсілдерін талқылады
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогтері жасанды интеллектіні оқу үдерісінде тиімді пайдалануға бағытталған зерттеулері мен тәжірибелік шешімдерін ұсынды. Әсіресе жасанды интеллектіні оқушыға дайын жауап беретін құрал ретінде емес, оның сыни ойлауын дамытатын интеллектуалды қарсылас ретінде қолдану тәсілі ерекше қызығушылық тудырды.
Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры Дуглас Хартман жасанды интеллектіні білім беруде қолдануға қатысты көзқарасымен бөлісті. Ғалымның пікірінше, педагогтер генеративті жасанды интеллектіні үйреншікті іздеу жүйесі ретінде пайдаланумен шектелмей, қажетті құралдарды өз бетінше таңдап, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалай білуі тиіс.
Қытайлық сарапшы Хунлян Ма балабақшадан бастап жоғары сыныптарға дейінгі білім беру кезеңдерінде жасанды интеллект құралдарын түсіну және меңгеру дағдыларын дамытуға арналған воркшоп өткізді. Онда балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жасанды интеллект сауаттылығын жүйелі әрі бірізді қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударылды.
«Білім мазмұны және құндылықтар» ақпараттық сессиясында сабақ барысында құндылықтарды қалыптастыру мәселелері талқыланды. Зерттеушілердің пікірінше, құндылықтарды білім беру бағдарламасына енгізу ғана жеткіліксіз. Ең бастысы – олардың мәнін оқушыларға түсінікті етіп жеткізу, күнделікті іс-әрекеттен көрініс табуына және саналы түрде қабылдануына жағдай жасау.
Финляндиялық зерттеуші, ғылыми коммуникация бағытының жетекшісі Катри Саарикиви когнитивтік нейроғылым саласындағы маңызды бағыттардың біріне тоқталды. Ол өз баяндамасында оқушылардың дербестігін дамытуға ықпал ететін оқу үдерісін жобалау мәселесін қарастырды.
Тәжікстан Республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Шавкат Каримзода оқушылар мен педагогтердің цифрлық құзыреттіліктерін дамытудағы ел тәжірибесімен бөлісті. Сарапшы жасанды интеллектіні оқытуға арналған жаңа оқу бағдарламасын таныстырып, Қазақстан мектептеріне нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
«Lesson Study, Action Research» сессиясында Қазақстанның әр өңірінен келген мұғалімдер оқу үдерісін жүйелі зерттеу және тиімді педагогикалық шешімдерді тәжірибеге енгізу нәтижелерін ұсынды. Қатысушылар оқушылардың білім алуда кездесетін қиындықтарын анықтау, кері байланысты жетілдіру және сабақтың нәтижелілігін арттыруда зерттеушілік тәсілдерді қолдану жолдарын талқылады.
Сондай-ақ тіл мен әдебиетті кіріктіріп оқыту оқушылардың оқу сауаттылығы мен дәлелді ойлау дағдыларын дамытудың тиімді тәсілі ретінде қарастырылды. NIS педагогтерінің зерттеуі оқушылардың мәтіндегі астарлы мағынаны түсіндіруде және оның бөліктері арасындағы байланысты анықтауда қиындықтарға тап болатынын көрсетті.
Конференцияда ұсынылған зерттеулер мен тәжірибелік шешімдер кәсіби тәжірибе алмасудың және білім сапасын арттырудың жаңа жолдарын бірлесе іздеудің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Дәл осы бағыттар конференция қатысушылары арасындағы мазмұнды пікір алмасудың өзегіне айналды.