Жаңалықтар
Павлодардағы NIS оқушысы IESO-2026 олимпиадасында алтын және күміс медаль иеленді
Павлодардағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мансұр Тұрсынғалиев Италияның Турин қаласында өткен Жер туралы ғылымдар бойынша XIX халықаралық олимпиадада (IESO-2026) Қазақстан құрамасы сапында қос медаль жеңіп алды.
Мансұр командалық Earth System Project (ESP) жобасында алтын медаль, ал International Team Field Investigation (ITFI) халықаралық далалық зерттеуінде күміс медаль иеленді.
IESO – жоғары сынып оқушылары арасында 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық олимпиада. Байқаудың мақсаты – оқушылардың Жер туралы ғылымдарға қызығушылығын арттырып, ғаламшарымызда болып жатқан табиғи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беру. Биыл олимпиадаға әлемнің 41 елінен 160 оқушы қатысты.
Олимпиада бағдарламасы теориялық тапсырмаларды, далалық зерттеулерді және халықаралық командалық жобаларды қамтыды. Қатысушылардың әртүрлі елдерден құралған аралас командаларда жұмыс істеуі арқылы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән берілді.