Жаңалықтар
NIS оқушыларының инновациялық жобалары Мемлекет басшысына таныстырылды
Республикалық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім болашағы» көрме аймағымен танысты. Көрмеде Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының инновациялық жобалары ұсынылды. Олардың қатарында Астана қаласындағы NIS оқушысы Бақыт Бекжанның «VoiceX» және Түркістандағы NIS оқушысы Алтынай Өтетілеудің «AtmosNano» жобалары бар.
VoiceX – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін тағылатын құрылғы. Ол бұлшықет пен тамақ аймағынан келетін микросигналдарды талдайды. Құрылғы осы сигналдар арқылы пайдаланушының сөйлеуін таниды және оны дауысқа айналдырады. VoiceX жобасының үш нұсқасы әзірленді. Синтезделген дауыстың пайдаланушының өз даусына ұқсастығы 96 пайызға дейін жетеді. Жоба пайдалы модель ретінде патенттелді.
AtmosNano – Arduino Uno платформасы негізінде жасалған шағын CubeSat. Ол атмосфералық параметрлерді нақты уақыт режимінде өлшейді. Сонымен қатар телеметрияны жібереді және алынған деректерді кейінгі талдау үшін сақтайды. Жоба атмосфераны бақылау технологияларын мектептер мен жоғары оқу орындары үшін қолжетімді етуді көздейді. Оқушылар атмосфералық деректерді өздігінен жинап, зерттеп, талдай алады.
Айта кетейік, Бақыт Бекжан Кореяда өткен WRO-2026 халықаралық робототехника олимпиадасында жеңіске жетті. Ал Алтынай Өтетілеу өз кезегінде республикалық ғылыми жобалар байқауында I дәрежелі диплом иеленді. Ол АҚШ-та өткен Regeneron ISEF халықаралық көрмесінде Қазақстан атынан қатысқан бес оқушының бірі болды.
Алтынай Өтетілеу жобасын таныстыра отырып, инженерлік ойлауды дамытуға басымдық беретінін айтты. Ол өз жобасы арқылы Қазақстанға пайдасы тиетін жаңа шешімдер ұсынуды көздейді.