banner

Жаңалықтар

Оралдағы NIS командасы АҚШ-та өткен робототехника бойынша әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді

news

19 маусым 2025

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Tidal Tumble командасы АҚШ-тың Массачусетс штаты, Вустер қаласында өткен халықаралық робототехника чемпионатында «Engineering Excellence Awards» аталымы бойынша екінші орынды және «Robot Performance» санатында алтыншы орынды иеленді.

Халықаралық деңгейдегі бұл додаға әлемнің 108 елінен 650-ге жуық команда қатысты.

Жас өнертапқыштар жарыста AquaAeris атты инновациялық жобаларын таныстырды. Бұл – ауадан ауызсу өндіретін, экологиялық жағынан таза, автономды құрылғы. Жоба тұщы су тапшылығы мәселесін шешуге және су экожүйелеріне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Команда құрамында Әлихан Серік, Таир Назар, Әділет Сейтенов, Ильяс Серіков, Таир Уашев, Нұрымхан Беркін, Әділхан Серіков, Фаррух Төреқожы және Азат Абдрахманов болды. Олар жоғары дайындық деңгейі мен инженерлік ойлау қабілетін көрсетті.

– Қазақстанды әлемдік деңгейде таныстыру – біз үшін үлкен құрмет. Біз лайықты нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Бұл жетістік тек мектебімізде емес, жалпы елімізде робототехника мәдениетінің дамуына серпін береді деп сенемін. Болашақ оқушылар біздің жолымыздан үлгі алады деген үміттемін, – деді команда мүшесі Нұрымхан Беркін.

Жас өнертапқыштар халықаралық жарыстан елге абыроймен оралды. Әуежайда оларды ұстаздары, ата-аналары мен сыныптастары ыстық ықыласпен қарсы алды. Жиналғандар командаға Қазақстан атынан сәтті өнер көрсеткені үшін алғыс айтып, олардың табандылығы мен ізденісі өзгелерге шабыт болатынын ерекше атап өтті.