Жаңалықтар
NIS жүйесінде жылдың үздік педагогі анықталды
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «NIS үздік педагогі 2026» республикалық байқауының желілік кезеңі қорытындыланды.
Байқауға тек жоғары нәтижелер көрсетіп қана қоймай, оқыту мен тәрбиелеуде жаңа тәсілдерді іздейтін үздік педагогтер қатысты. Биыл дүбірлі додаға Зияткерлік мектептердің мектепішілік кезеңінен іріктелген 21 мұғалім бақ сынады.
Байқау барысында қатысушылар ашық сабақтар өткізіп, авторлық педагогикалық тәжірибелерін таныстырды, сондай-ақ білім беруді дамытудың өзекті бағыттары бойынша жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Қазылар алқасы педагогтердің тек пәндік шеберлігіне ғана емес, мектепте құндылықтарға негізделген орта қалыптастыру қабілетіне де ерекше назар аударды. Қорытынды кезең тәрбиелік жобаларды командалық қорғау форматында өтті. Қатысушылар «Туған елге тағзым», «Қоғамға қызмет», «NIS бірге оқиық» және «Шаңырақ» бағыттары бойынша жобаларын ұсынды. Бұл жобалар NIS жүйесі үшін маңызды құндылықтарды қоғамға қызмет етуді, ел тарихы мен мәдениетіне құрметті, оқу мәдениетін дамытуды және мектеп қауымдастығын нығайтуды айқындайды.
Іс-шараның ресми бөлігінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов байқаудың тәжірибе алмасу мен үздік педагогикалық практикаларды ілгерілету алаңы ретіндегі маңызын атап өтті.
«Ұсынылған барлық жұмыстар жан-жақты зерделеніп, кәсіби тұрғыда бағаланды. Әсіресе, идеялардың практикалық жүзеге асырылу сапасы мен олардың NIS жүйесінің бірыңғай стандарттарына сәйкестігіне басымдық берілді», – деді ол.
Қатысушылардың жұмыстарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрамындағы 19 сарапшыдан құралған комиссия бағалады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Байқау комиссиясының шешімімен «NIS үздік педагогі 2026» республикалық байқауының желілік кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды:
Гран-при иегері – Арай Нұрбаева,
Қызылорда қаласындағы NIS-тің география пәнінің мұғалімі
І орын – Нұрсәуле Нұрмағамбетова,
Шымкент қаласындағы NIS-тің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
ІІ орын – Нұрғазы Тұрсынғазин,
Семей қаласындағы NIS-тің математика пәнінің мұғалімі
ІІІ орын – Райымбек Тұрсынбаев,
Ақтөбе қаласындағы NIS-тің биология пәнінің мұғалімі
Электронды дауыс беру нәтижесі бойынша «Көрермен көзайымы» номинациясының жеңімпазы «Туған елге тағзым» бағыты бойынша ұсынылған жоба деп танылды.