Жаңалықтар
NIS оқушысы Еуропалық математикалық олимпиадада алтынға қол жеткізді
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Эльдар Үсенов Литваның Вильнюс қаласында өткен Еуропалық математикалық олимпиадада (EMO) алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының командалық есепте бірінші орын алуына өз үлесін қосты.
Биылғы олимпиадаға Еуропа мен әлемнің 19 елінен 100-ден астам дарынды оқушы жиналды. Білім сайысында қатысушылар алгебра, геометрия, комбинаторика және сандар теориясы бойынша күрделі есептерді шешіп, өздерінің терең білімін, логикалық ойлау қабілетін және тапқырлығын көрсетті.
Айта кету керек, Эльдар бұған дейін де тұрақты жоғары нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Ол Балқан математикалық олимпиадасының күміс жүлдегері, Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы, 2025 жылғы республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері, сондай-ақ 2023 жылғы жасөспірімдер олимпиадасында да топ жарған.