banner

Жаңалықтар

Бішкекте өткен Lesson Study халықаралық конференциясы төрт елдің педагогтерін біріктірді

news
24 сәуір 2026 |
228

Бішкекте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Sapat» білім беру мекемесімен серіктестікте ұйымдастырған «Learning together, Growing together» – «Бірге үйреніп, бірге өсеміз» халықаралық конференциясы өтті.

Конференция педагогтер, зерттеушілер мен сарапшылар арасында кәсіби диалог орнатып, озық білім беру тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Оған Қазақстан, Жапония, Түркия және Қырғызстаннан 500-ден астам педагог-зерттеуші қатысты.

Конференцияның негізгі спикерлері қатарында педагогикалық зерттеулер саласындағы халықаралық сарапшылар мен шетелдік университеттердің профессорлары, Lesson Study тәсілін дамытуға үлес қосып жүрген мамандар Тетцу Курамото мен Брюс Ландер, «Маариф» және «Sapat» халықаралық білім беру ұйымдарының өкілі Рахми Орал, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры Дуйшон Шаматов және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин болды.

Әнуар Жанғозин өз сөзінде Қазақстанның Lesson Study дамытудағы стратегиялық рөлін атап өтті:

– Бүгінде NIS Lesson Study тәсілінің амбассадоры ретінде танылып отыр. Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі – сабақты зерттеу тәсілінің жалпы орта білім беру жүйесіне енгізілуі дер едім. Біз мұғалімді өз тәжірибесін зерттеуші ретінде қарастырып, сабақтарын талдап, деректермен жұмыс істейтін тұрақты экожүйе қалыптастырудамыз. Мұндай зерттеулер мұғалімдердің бірлескен жұмысына негізделіп, нақты сыныптағы өзекті мәселелерге бағытталуы маңызды. Сонда ғана Lesson Study мектеп мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып, білім сапасын арттырудың тиімді құралы болады.

Конференция сабақты бірлесіп зерттеуге негізделген, оқыту сапасын арттырудың тиімді құралдарының бірі – Lesson Study тәсілін енгізу арқылы кәсіби қауымдастықты дамытуға бағытталды. Шара барысында қатысушылар өз тәжірибелерінен табысты кейстер ұсынып, әдіснамалық тәсілдерді талқылап, аталған тәсілді өз елдерінің білім беру жүйесінде енгізу нәтижелерімен бөлісті. Конференция бағдарламасы секциялық отырыстарды, шеберлік сабақтарын, панельдік пікірталастарды, постерлік таныстырылымдарды және мектептерге баруды қамтыды.

Бішкекте өткен конференция қазақстандық білім беру тәжірибесін халықаралық деңгейде тарату мен білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы болды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-