Жаңалықтар
NIS-тің кәсіптік бағдар беру тәжірибесі College Board алаңында ұсынылды
Астанада білім беру саласының сарапшылары, университет басшылары және мектеп директорлары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосқан College Board SAT | AP Day – Kazakhstan халықаралық конференциясы өтті.
Кәсіби бағдар беруде жаһандық мүмкіндіктерге ұмтылу мәдениетін қалыптастыруға арналған пленарлық сессияда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин сөз сөйледі. Ол NIS-тің кәсіби бағдар беру бағытындағы тәжірибесі, жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастығы және цифрлық құралдарды енгізу жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ Орталық Азия кәсіби бағдар беру мамандары қауымдастығының құрылғанына тоқталды.
– Жуырда біз өңірдегі мамандардың басын қосып, олардың кәсіби дамуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында Орталық Азия кәсіби бағдар беру мамандарының қауымдастығын құрдық. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бұл бағытта жинақтаған тәжірибесі мол. Біз әріптестерімізбен өз тәжірибемізді бөлісіп, жұмыс барысында қолданатын тиімді әдістер мен құралдарды ұсынуға дайынбыз. Сондай-ақ білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз, – деді Әнуар Жанғозин.
Айта кетейік, College Board SAT | AP Day – мектептер, университеттер мен халықаралық білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық білім беру іс-шарасы.