Жаңалықтар
NIS-ті мойындаған шетелдік университеттер қатарына Woosong University қосылды
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS Programme оқу бағдарламасы мен түлектерге берілетін NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындайтын шетелдік жоғары оқу орындарының қатарына Корея Республикасындағы Woosong University қосылды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Woosong University NIS түлектері үшін академиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған меморандумға қол қойды.
Woosong University Корея Республикасының Тэджон қаласында орналасқан. Сонымен қатар Қазақстанның Түркістан қаласында Woosong University Kazakhstan халықаралық кампусы жұмыс істейді. Бұл NIS түлектеріне халықаралық білім беру бағдарламаларын Кореяда да, Қазақстанда да таңдауға мүмкіндік береді.
Меморандум аясында Woosong University NIS түлектеріне бакалавриат бағдарламалары бойынша стипендиялық қолдау қарастырады. Оның көлемі түлектердің ағылшын немесе корей тілін меңгеру деңгейіне және академиялық жетістіктеріне қарай айқындалады. Бастапқы стипендиялар оқу ақысының 30%-дан 70%-ға дейінгі бөлігін қамтиды. Сонымен қатар NIS түлектері оқу үлгеріміне қарай оқу ақысының 100%-ына дейін жететін академиялық стипендияларға үміткер бола алады.
Woosong University – тәжірибеге негізделген оқыту жүйесімен және кең серіктестік желісімен танылған Корея Республикасының жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Университет бизнес, ақпараттық технологиялар, инженерия, халықаралық қатынастар, қонақжайлылық менеджменті және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын ұсынады.
Айта кетейік, бүгінде NIS Programme оқу бағдарламасы мен NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындаған Кореядағы жоғары оқу орындарының саны 5-ке жетті. Жалпы, Назарбаев Зияткерлік мектептерін 79 шетелдік университет, 26 отандық жоғары оқу орны және 10 халықаралық ұйым таныған.