Жаңалықтар
NIS сарапшылары қырғызстандық педагогтермен тәжірибе алмасты
Астанада Қырғыз Республикасының білім беру ұйымдары өкілдеріне арналған екі күндік тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті. Шараға «Акылман» Президенттік лицейі, «Индиго-Сапат» мектебі және «Сейтек-СТЕМ» білім беру кешенінің басшылары, педагогтері мен әдіскерлері қатысты.
Тараптар білім сапасын арттыру, мектептердің дамуын қолдау және екі елдің педагогтері арасындағы кәсіби байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Бауырлас елдің делегациясын NIS Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова қарсы алып, Зияткерлік мектептер экожүйесінің қалыптасуы, даму бағыттары мен негізгі жетістіктері туралы баяндады. Бағдарлама аясында қонақтарға оқу мазмұны, әдістемелік қолдау, бағалау, білім сапасын қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби дамуы және цифрлық білім беру шешімдері бойынша NIS тәжірибесі таныстырылды.
Одан бөлек, делегация Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен №111 жалпы білім беретін мектепте болды. Қырғызстандық педагогтер оқу кеңістігін, заманауи инфрақұрылымды және білім беру процесінің ұйымдастырылуын көріп, қазақстандық әріптестерімен кәсіби пікір алмасты.