Жаңалықтар
NIS-тегі STEM-лагерь 140 оқушыға технология әлеміне жол ашты
Астана және Алматы қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде геологиялық барлау, тау-кен өндірісі және алтын өңдеу салаларында еңбек ететін «АК Алтыналмас» компаниясы қызметкерлерінің балаларына арналған STEM-лагерь өтті.
Бағдарлама 12–16 жас аралығындағы 140-қа жуық оқушыны қамтып, балаларға ғылым, технология және инженерия әлемін тәжірибе арқылы тануға мүмкіндік берді.
Бес күн бойы қатысушылар жасанды интеллект, робототехника, STEM-жобалау және инженерлік ойлау бағыттары бойынша практикалық тапсырмалар орындады. NIS педагогтері мен STEM-мамандардың жетекшілігімен оқушылар хакатондарға, зертханалық жұмыстарға, интеллектуалды ойындарға және шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты.
Бағдарлама аясында кәсіби бағдар беру диагностикасы да жүргізілді. Нәтижесінде әр қатысушының қызығушылығы мен қабілетіне қатысты жеке есеп дайындалып, ата-аналарға ұсынылды.
Лагерьдің маңызды ерекшелігінің бірі – қатысушылардың NIS жатақханаларында тұруы. Бұл оқуды, командалық жұмысты және өзара қарым-қатынасты біріктіретін толыққанды білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
STEM-лагерь оқушылар үшін жаңа білім алатын ғана емес, өз қабілетін байқап, болашақ мамандығы туралы ойлануға және технология әлеміне сенімді қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.