banner

Жаңалықтар

NIS «Келешек мектептеріне» тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін ұсынды

news
23 маусым 2026 |
73

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің сарапшылары Астанада өткен Келешек мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған республикалық оқыту семинары аясында «Тәрбие менеджменті: мектеп мәдениетін стратегиялық басқару» тақырыбында практикалық сессия өткізді.

Сессияны NIS Орал және NIS Павлодар директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Эльвира Айдыналиева мен Нұрболат Теміров жүргізді. Педагогтер мектеп мәдениетін стратегиялық басқару, тәрбие жұмысын жүйелі ұйымдастыру және құндылықтарға негізделген орта қалыптастыру бойынша NIS тәжірибесін таныстырды.

Жиын барысында жауапкершілік мәдениетін дамыту, білім беру процесіндегі тиімді өзара іс-қимыл, оқушылардың эмоционалдық әл-ауқатын қолдау және мектеп пен отбасы арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ цифрлық ортаның тәрбие жүйесіне ықпалы туралы сөз болды.

Қатысушылар мектептегі салауатты әрі қолайлы орта педагогтер, ата-аналар және мектеп қауымдастығының бірлескен, жүйелі жұмысы арқылы қалыптасатынын жеткізді.

Практикалық бөлімде NIS сарапшылары мектеп мәдениетін басқару құралдарын таныстырып, нақты кейстер негізінде оқушылармен және ата-аналармен жұмыс істеудің тиімді жолдарын көрсетті. Интерактивті формат қатысушыларға өз тәжірибелерін бөлісіп, тәрбие жұмысындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік берді.

Семинар қорытындысында қатысушылар ұсынылған тәсілдердің практикалық маңызын және оларды мектеп жұмысына бейімдеп қолдану мүмкіндігін атап өтті. Кездесу тәрбие менеджменті бағытында тәжірибе алмасуға және басқарушылық құзыреттерді дамытуға арналған кәсіби алаңға айналды.

Бөлісу:

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-