Жаңалықтар
NIS-те «Келешек мектептері» педагогтері үшін кәсіби даму семинарлары басталды
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Келешек мектептері» ұлттық жобасының педагогтеріне тәжірибе тарату жұмыстарын бастады. Өңірлердегі NIS базасында ұйымдастырылған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» тақырыбындағы семинар-практикумдерге еліміздің 169 мектебінен 1300-ге жуық педагог қатысуда.
Семинар-практикумдер аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің пән мұғалімдері, NIS Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, сондай-ақ ауылдық тірек мектептердің ұстаздары өздерінің үздік тәжірибелерін бөліседі.
Үш күнге жоспарланған біліктілікті арттыру шаралары физика, химия, биология, информатика, STEAM және робототехника пәндері бойынша өтеді. Семинар-практикумдер мұғалімдердің зертханалық жабдықтарды білім беру үдерісінде тиімді әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын дамытуға және жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытудағы практикалық әдістерін жетілдіруге бағытталған.