
Жаңалықтар
NIS-те дәстүрлі тамыз конференциясы өз жұмысын бастады

21 тамыз 2025
Бүгін Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі NIS тамыз конференциясы басталды. Биылғы жиынның басты тақырыбы – «Құндылықтар – білім берудің қозғаушы күші: қазіргі мұғалім нені және қалай үйретеді». Конференция Зияткерлік мектептердің директорлары мен педагогтерін ортақ диалог алаңында біріктірді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин өз баяндамасында тамыз конференциясының кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ретіндегі маңызын айқындай отырып, білім беру процесінде құндылықтарды қалыптастырудың өзектілігін атап өтті. Әсіресе, құрмет, адалдық, еңбекқорлық, патриотизм мен жауапкершілік, отбасылық дәстүрлер, ашықтық және жаһандық азаматтық секілді құндылықтардың оқушыларды, педагогтерді және ата-аналарды біріктіретін тұтас мектеп ортасын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударды. Мұндай құндылықтардың дамуы оқушылардың үлгерімі мен әл-ауқатына тікелей ықпал ететіні көрсетілді, ал мұғалім сенім мен қолдау мәдениетін орнықтыратын басты тұлға ретінде сипатталды.
Қорытынды сөзінде Әнуар Қанатұлы алдағы оқу жылының басты жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, мектептерде жаңа тамақтану жүйесі енгізіліп, Инновация орталықтары ашылады, KiVa бағдарламасымен қамтылатын мектептердің саны артады, смартфон қолдануға шектеу қойылады және педагогтердің кәсіби өсуіне бағытталған жаңа бастамалар жүзеге асады.
Конференцияда сондай-ақ «Ustart academy» басшысы, педагог-тренер Ескендір Бестай, әлеуметтік-эмоциялық оқу мен эмоциялық зият саласындағы сарапшы Алтынай Абдрахманова және NIS Балалар игілігі департаментінің директоры, демография саласындағы PhD Динара Уалкенова баяндама жасады.
Алтынай Абдрахманова өз сөзінде адамгершілік мінез-құлықтың негізінде жанашырлық, мейірім мен өзгеге қамқорлық сияқты просоциалды эмоциялар жатқанын атап өтті. Спикердің сөзінше, дәл мектеп осы қасиеттердің ашылуына жағдай жасай алады:
– Біз құндылықтарды тәрбиелеу туралы айтқанда, балаларды мейірім мен эмпатияға әдейі үйретудің қажеті жоқ екенін түсіну маңызды, себебі бұл қасиеттер олардың бойында бар. Мұғалім ретінде біздің міндетіміз – осы табиғи қасиеттердің ашылып, нығая түсуіне мүмкіндік беретін білім беру ортасын қалыптастыру, – деді ол.
Екі күндік конференция бағдарламасына құндылықтарға негізделген оқыту мен әлеуметтік-эмоциялық оқуды интеграциялау бойынша шеберлік сағаттары, мұғалімдердің тәжірибелік мысалдары ұсынылатын TEDx NIS сессиясы, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған пленарлық отырыстар енгізілген. Сонымен қатар мектеп басшыларына арналған интерактивті форматтар, кәсіби даму бағытындағы кездесулер және жасанды интеллектті оқу процесіне енгізудің жаңа тәсілдері талқыланбақ.
Конференция бағдарламасының ерекше бөлігі – «Fail conference» алаңы. Бұл сессияда педагогтер өз тәжірибесіндегі қателіктерімен бөлісіп, оларды кәсіби дамудың маңызды құндылығы ретінде қарастырады. Сондай-ақ конференция аясында «Табысты тәжірибелер панорамасы» байқауының қорытындылары жарияланып, үздіктер марапатталады.