
Жаңалықтар
NIS оқушылары халықаралық байқауда жеңіске жетіп, 28 000 АҚШ доллары көлеміндегі New York Film Academy грантын иеленді

19 тамыз 2025
Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жасөспірімдерге арналған халықаралық «KORset FEST» шығармашылық байқауында топ жарып, Нью-Йорк киноакадемиясынан (New York Film Academy) 28 000 АҚШ доллары көлеміндегі оқу грантын ұтып алды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары түсірген бұл туындыда режиссёрлік тізгінді Айжан Жахани ұстады. Басты кейіпкерлерді Інжу Закария мен Таңдана Азат сомдаса, шығармашылық топ мүшелері қатарында Шария Маулен режиссёрдің көмекшісі, ал Назерке Серік мобилограф ретінде еңбек етті.
Жас авторлардың «Шақпақ / Зажигалка» атты қысқаметражды фильмі драма және психологиялық фэнтези жанрында түсіріліп, қазақ тілінде сахналанды. Сондай-ақ ағылшын субтитрлерімен сүйемелденді.
Бес минуттық картинаның логлайны жалғыздық пен күйзеліс мәселелерін қозғай отырып, «өткеннің тұзағында қалып қою ма, әлде алға ұмтылып, өмірді жалғастыру ма?» деген өмірлік маңызды таңдауды алға қояды.
– Бұл фильм адам баласының бастан өткеретін ішкі дағдарыстары мен жалғыздық сезімін бейнелей отырып, ең ауыр сәттердің өзінде де үміттің бар екенін және сүрінген жерде қайта тұрудың мүмкін екенін көрсетеді, – дейді Айжан Жахани.
Айта кетейік, биыл фестиваль Алматы қаласында өтіп, ТМД елдеріндегі мектептерден 30-ға жуық өтінім қабылданды. Байқауда 12–19 жас аралығындағы жасөспірімдер өз шығармашылықтарын ортаға салды.