banner

Жаңалықтар

NIS Тамыз конференциясы: даму жолындағы жаңа идеялар

news

22 тамыз 2025

Тамыз конференциясының екінші күні ерекше форматтағы «Fail conference» сессиясымен басталды. Онда ұстаздар өздерінің сәтсіздіктері туралы ашық әңгімелеп, сол тәжірибеден алған сабақтарын бөлісті.

Бұл жолы әдеттегі жетістіктер туралы емес, үш шынайы оқиға айтылды. Әрбір оқиға мұғалімдердің қателіктері мен күмәндері қалайша жаңа ойларға, кәсіби дамуға және жұмыста тың тәсілдер табуға түрткі болатынын айқын көрсетті.

Оралдағы NIS директоры Айдарбек Айтпукешев өз сөзінде «құндылықтар жайлы әңгімелерге» оқушылардың қызығушылығы болмағанын айтып, дәл осы жағдай «Кітап-fest» жобасын құруға түрткі болғанын жеткізді. Бұл жоба оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды кітап пен оқылым төңірегінде біріктірді.

Өскемендегі NIS-тің ата-анасы әрі ұстазы Әсем Нұрланова «Қатаң бақылаудан шексіз еркіндікке дейін: мені ана болуға үйреткен үш қателік» атты жеке тарихымен бөлісті. Спикер өз тәжірибесінде тәрбие барысындағы қателіктердің ата-аналық көзқарасын қайта қарауға, қатаңдық пен сенімнің арасынан тепе-теңдік табуға көмектескенін жеткізді.

Сессияны Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS мұғалімі Айсулу Маканова «Үй жұмысы – сынған құрал» атты баяндамасымен түйіндеді. Педагог үйреншікті оқу құралы формалды түрде қолданылса, мәнін жоғалтып алатынын атап өтіп, білім беру үдерісінде сенім, таңдау және құрметтің маңызын ерекше көрсетті.

Тамыз кеңесі NIS-тегі білім беру жүйесінің басты даму бағыттарын тоғыстырған пленарлық отырыспен жалғасты.

Алғашқы болып NIS Педагогикалық өлшеудер орталығының директоры Думан Сапақов «Оқу үрдісін жақсарту үшін бағалау нәтижелерін қалай пайдалануға болады» тақырыбында сөз сөйледі. Спикер өз баяндамасында мектепте деректермен жұмыс жасау мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтіп, бұл қадам білім сапасын арттыруға және оқу үдерісінің тиімділігін көтеруге ықпал ететінін айтты.

Ал NIS Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Әсел Бейсембинова өз сөзінде NIS-Programme 2.0 енгізу қорытындылары мен алдағы 3.0 нұсқасына көшу барысын таныстырып, оқу бағдарламалары деректерді талдау мен қайта қараудан бастап, пилоттау және енгізуге дейінгі толық даму циклынан өтетінін атап өтті.

NIS Тәрбие жұмысы департменті директоры Гүлдана Садвакасова Зияткерлік мектептердегі оқушылардың жан-жақты дамуы тек академиялық жетістіктермен шектелмей, сонымен бірге құндылықтарды қалыптастыруға, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеуге, сондай-ақ мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы серіктестік арқылы олардың эмоционалдық әрі физикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталғанына ерекше тоқталды.

HR департаментінің директоры Самғат Бөлебаев педагогтердің кәсіби өсуін дамытудағы стратегиялық векторларды айқындап берді. Негізгі бағыттардың қатарында – деректерге сүйене отырып шешім қабылдау, мұғалімдерді өзгерістер процесіне тарту, SMART-бағдарланған бағалау құралдарын енгізу және кадрлық рәсімдерді цифрландыру бар.

Педагогтердің кәсіби дамуындағы зерттеу мәдениетінің рөліне қатысты баяндаманы NIS Зерттеу департаментінің директоры Мирас Баймырза жасады. Ол NIS жүйесінде Action Research және Lesson Study тәсілдері белсенді қолданылатынын, сондай-ақ «Мұғалім-зерттеуші» басылымы табысты педагогикалық тәжірибелерді таратуға және кәсіби қауымдастықтарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

NIS тәжірибесін тарату жайында Департамент директоры Жақсылық Пірмаханбет баяндап, мұғалімдерге арналған жаңа цифрлық платформа – Beyim Ustaz тұжырымдамасын таныстырды. Бұл платформа Зияткерлік мектептердің үздік тәжірибелерін жинақтап, мұғалімдердің кәсіби қауымдастықтарда бірігуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар инновациялық әдістер мен шешімдердің Қазақстан бойынша кеңінен таралуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында Beyim.ai платформасы ұсынған пилоттық жобаның нәтижелері де таныстырылды. BeyimTech директоры Бибарс Сейтниязовтың сөзінше, мұғалімдер мен оқушылардың 80%-дан астамы платформаны жекелендірілген оқыту үшін тиімді деп бағалаған. Алдағы жылдары ол негізгі мектепке енгізіліп, NIS бірыңғай цифрлық экожүйесін құруға жол ашады.

 

 

Фотогалерея

image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-
image-